Өңдеуші өнеркәсіп өрлеген өңір
Қазіргі экономикадағы дамудың тірек өзегіне айналған күрделі құрылымның бірі – өңдеу өнеркәсібі. Ол шикізатты жай ғана өндіріп қоюмен шектелмей, оны қайта өңдеп, қосылған құны жоғары өнімге айналдыру арқылы экономиканың сапалық деңгейін айқындайды.
Мұндай өндіріс түрі елдің технологиялық дербестігін нығайтып, еңбек өнімділігін арттырып қана қоймай, ішкі нарықты тұрақтандыру мен экспорттық әлеуетті кеңейтудің басты жүйесі саналады. Сондықтан да өңдеуші сектордың үлесінің артуы – кез келген өңірдің экономикалық жетілуінің маңызды көрсеткіші. Осы тұрғыдан алғанда Қарағанды облысында байқалып отырған үрдістер кездейсоқ емес, керісінше, экономиканың құрылымдық трансформацияға бет алғанын аңғартады.
Қарағанды облысында үш айдың қорытындысы бойынша 1,3 трлн теңгенің өнеркәсіп өнімі өндіріліп, өсім шамамен 6%-ды құрады. Өңірде өңдеуші өнеркәсіп көлемін ұлғайтып, оның үлесі тау-кен секторынан асып түсті. Облыста іске асырылып жатқан 44 инвестициялық жобаның 14-і өңдеуші салаға тиесілі. Бұл деректер өңір экономикасының дәстүрлі шикізаттық бағыттан біртіндеп алыстап, өндірістік әртараптандыру жолына түскенін көрсетсе керек. Өңірдің қаңтар-наурыз айларындағы әлеуметтік-экономикалық даму нәтижелері аппараттық кеңесте қаралды.
«Облыс экономикасы оң серпінін сақтап отыр. Өнеркәсіптегі өсім 105,9%, ауыл шаруашылығында 104,4% болып, республикалық орташа көрсеткіштерден жоғары. Өңдеуші өнеркәсіптегі өсім 7,6%-ды құрады. Жыл басынан бері негізгі капиталға 139,1 млрд теңге инвестиция тартылды, оның негізгі бөлігі өнеркәсіп секторына бағытталған», – деп хабарлады экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Дулат Әшкенов.
Бұл мәліметтер өңірдің экономикалық динамикасын сипаттайтын маңызды индикаторлар. Өйткені инвестицияның басым бөлігінің дәл өнеркәсіп секторына бағытталуы – болашақта өндірістік қуаттардың кеңейіп, жаңа жұмыс орындарының ашылуына, технологиялық жаңғыруға жол ашатынын білдіреді. Оның айтуынша, бірқатар салалар тұрақты өсім көрсетіп отыр. Олардың қатарында машина жасау, құрылыс индустриясы, жеңіл және тамақ өнеркәсібі, сондай-ақ резеңке және пластмасса бұйымдарын өндіру бар. Бұл салалардың синхронды дамуы экономиканың ішкі байланыстарының күшейгенін, яғни кластерлік құрылымдардың қалыптаса бастағанын байқатады.
Әлемдік тәжірибеге назар аударсақ, өңдеуші өнеркәсіпке басымдық беру – индустриялық серпіліс жасаған елдердің ортақ стратегиясы болғаны анық. Мәселен, Германиядағы Industry 4.0 тұжырымдамасы өндірісті толық цифрландыру мен автоматтандыру арқылы өнім сапасын арттыруға бағытталса, Оңтүстік Корея мен Жапонияда жоғары технологиялы өңдеуші сектор ұлттық экономиканың драйверіне айналды. Бұл елдерде шикізат ресурстары шектеулі болғанына қарамастан, олар интеллектуалдық капитал мен инновацияға сүйене отырып, әлемдік нарықта бәсекеге қабілетті өнім шығара алды. Ал Қытай соңғы онжылдықтарда «әлем фабрикасы» мәртебесіне дәл осы өңдеуші өнеркәсіпті жүйелі дамыту арқылы қол жеткізді. Осы мысалдар Қазақстан үшін, соның ішінде Қарағанды облысы үшін де айқын бағдар бола алады: шикізатқа тәуелділіктен арылып, қосылған құны жоғары өнім өндіруге көшу – ұзақ мерзімді тұрақтылықтың кепілі.
Өңірде шойын, прокат, алтын, күміс, тұрмыстық техника, автобустар мен арнайы техникалар өндірісі артқан. Сонымен қатар көмір өндіру көлемі де ұлғайды. Бұл жерде бір қызық парадокс байқалады. Яғни дәстүрлі тау-кен секторы өзінің маңызын сақтай отырып, бір мезгілде өңдеуші сектордың дамуына ресурс базасын қамтамасыз етеді. Яғни мәселе шикізатты өндіруде емес, оны қалай тиімді өңдеп, жоғары технологиялы өнімге айналдыруда жатыр. Осы тұрғыдан алғанда Қарағанды облысының қазіргі бағыты – экономиканың ішкі резервтерін тиімді пайдаланудың үлгісі. Құрылыс, сауда және көлік салаларында да тұрақты өсім байқалады. Бұл салалар өндірістік өсімнің жанама нәтижесі ретінде дамып, жалпы экономикалық экожүйенің тепе-теңдігін қамтамасыз етері анық. Үш айда 67,6 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға беріліп, өсім 26%-ды құрады. Тұрғын үй құрылысының қарқыны – халықтың әл-ауқаты мен урбанистік дамудың маңызды көрсеткіші.
«Алдымызда экономиканың кемінде 7% өсімін қамтамасыз ету міндеті тұр. Ол үшін барлық қолда бар резервтерді, оның ішінде цифрлық шешімдерді тиімді пайдаланып, әлеуметтік-экономикалық дамудың бекітілген көрсеткіштерін орындау қажет», – деп атап өтті облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев.
Бұл міндеттің орындалуы тек өндіріс көлемін арттырумен шектелмек емес, ол экономиканың сапалық өзгерісін талап етеді. Цифрлық технологияларды енгізу, өндірістік процестерді автоматтандыру, адами капиталды дамыту – осының бәрі өңірдің ұзақ мерзімді бәсекеге қабілеттілігін айқындайтын факторлар. Егер осы бағыттағы жүйелі саясат сақталса, өңір тек Қазақстан аясында ғана емес, Орталық Азия кеңістігінде де индустриялық орталықтардың біріне айналуы әбден мүмкін.
Сәруар Бақберген