Оралда адам өліміне қатысты іс бойынша жалған қорытынды берген сарапшы сотталды
Орал қалалық соты Батыс Қазақстан облыстық сот сараптамалары институтының сарапшысына қатысты айыптау үкімін шығарды.
БҚО прокуратурасының мәліметінше, алғашқы сараптама қорытындысында марқұмның денесінде ешқандай жарақат болмағаны және мәйіттің шіруіне байланысты өлім себебін анықтау мүмкін еместігі көрсетілген.
Алайда кейін мәйітті қайта қазып алу (эксгумация) жүргізілген соң, Астанадан келген мамандар комиссиялық сот-медициналық сараптама жасап, марқұм денесінен тірі кезінде алынған көптеген жарақатты анықтаған. Оның ішінде қабырғалардың және тіл асты сүйегінің сынуы бар.
Сотталушы өз кінәсін мойындамағанымен, мемлекеттік айыптаушы сарапшының жалған қорытынды бергенін дәлелдейтін айғақтар ұсынған.
Сот сарапшының қорытындылары іс бойынша нақты мән-жайларға сәйкес келмегенін және сотқа дейінгі тергеу органдарын жаңылыстырғанын анықтады.
Нәтижесінде сот оны Қылмыстық кодекстің 420-бабы 1-бөлігі («Көрінеу жалған сараптама қорытындысын беру») бойынша кінәлі деп танып, 3 жыл 2 ай 12 күн мерзімге бостандығын шектеу жазасын тағайындады.
Үкім әзірге заңды күшіне енген жоқ.