Өскемендегі Қазмырыш зауытында болған жарылыстың себептері анықталып жатыр
Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Өскемендегі Қазмырыш зауытында болған жарылыстың себептерін анықтап жатыр.
Бұл туралы ведомствоның бірінші вице-министрі Ербол Тұяқбаев мәлімдеді.
«Қазір нақты себепті анықтап жатырмыз. Бұл кімнің кінәсінен болды: қауіпсіздік техникасының сақталмауынан ба, әлде жұмысшының қауіпсіздік талаптарымен таныспауынан ба, технологиялық ақаудан ба, немесе кәсіпорын ескірген жабдықты ауыстырмаған ба – соны тексереміз. Себебі анықталады және жауапкершілік міндетті түрде болады», – деді Тұяқбаев Сенат кулуарында бейсенбі күні.
Сонымен қатар, вице-министрдің айтуынша, Казцинк компаниясына бұған дейін де ескерту жасалған.
«Өткен және оның алдындағы жылдары “Қазмырыш” пен басқа да ірі кәсіпорындарға профилактикалық тексерулер жүргізілген. Берілген нұсқамалар белгіленген мерзімде орындалғандықтан, айыппұл салынбады. Бірақ қазіргі жағдайға байланысты тергеу-жедел тобы құрылды. Оның құрамына мемлекеттік еңбек инспекциясы департаменті мен Төтенше жағдайлар министрлігі кірді», – деді ол.
Еске салсақ, 5 мамыр күні Өскемендегі Қазмырыш аумағында ірі өрт шыққан болатын. Кейін өрт толық сөндіріліп, оқиға орнында іздестіру жұмыстары жалғасты.
Кейінірек Шығыс Қазақстан облысының экология департаменті зауыттағы жарылыстан кейін ауа сапасына тексеру жүргізіп жатқаны белгілі болды.
Компания өрт салдарынан екі адамның қаза тапқанын және бес адамның зардап шеккенін растады. Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігі өрттің аумағын нақтылап, дәрігерлер зардап шеккендердің жағдайы туралы ақпарат берген.
Ал Шығыс Қазақстан облысы полиция департаменті екі жұмысшының өліміне байланысты қылмыстық іс қозғалғанын хабарлады.
Бұдан бөлек, оқиғаны тергеу үшін ведомствоаралық комиссия құрылатыны айтылды.
Сондай-ақ санитарлық-эпидемиологиялық қызмет мамандары төтенше жағдайдан кейін ауа құрамын тексерген.
6 мамыр күні Санжар Әділов бұл іс бойынша әзірге ешкімнің ұсталған жоқ екенін және жарылыстың негізгі нұсқалары қарастырылып жатқанын мәлімдеген.
Ал 12 мамырда компания жарылыс кезінде зардап шеккен тағы бір адамның ауруханада көз жұмғанын хабарлады.