Live

Өзбекстанда 62 оқушы химиялық заттан уланып, 10 бала жансақтауға түскен

Өзбекстанның Қашқадария облысы Ғузор ауданында 62 оқушы мектеп маңындағы мақта алқабына химиялық зат шашылғаннан кейін улану белгілерімен ауруханаға жеткізілген.

Фото: ЖИ/ JasAlash

 25 қыркүйекте 33 бала ауруханада қалып, оның 10-ы жансақтау бөлімінде жатқан. Бұл туралы "Озодлик" – Азаттық радиосының Өзбек қызметі хабарлады.

Оқиға 23 қыркүйекте Бахмал ауылындағы № 51 мектеп маңында болған. Ата-аналардың айтуынша, мектепке жақын мақта алқабына трактормен химиялық препарат шашылған.

Басылымға жіберілген видеоларда кейбір балаларға оттегі беріліп жатқаны көрінеді. Ата-аналар кей науқастардың тамақ пен су ішуге қиналып жатқанын айтқан.

Тұрғындардың сөзінше, мақтаны дефолиациялау үшін Қытайдан әкелінген химиялық зат пайдаланылған. Алайда препараттың нақты атауы және балалардың дәл осы заттан уланғанын растайтын зертханалық қорытынды әзірге жарияланған жоқ.

Ресми мәлімет пен ата-аналардың айтқаны да сәйкес келмейді. Қашқадария облыстық білім басқармасы 24 қыркүйекте небәрі 14 оқушы ауруханаға жеткізіліп, барлығы үйіне шығарылғанын мәлімдеген. Ал келесі күні ата-аналар ауруханада 30-дан астам бала қалғанын айтқан.

"Озодлик" ата-аналардың мәліметтерін медициналық құжаттар арқылы тәуелсіз растай алмағанын ескертеді.

Сайт Әкімшілігі