спорт

Өзбекстанда ұлттық құраманың әлем чемпионатындағы матчы үшін жұмыс күні кеш басталды

Өзбекстан президенті ұлттық құраманың футболдан әлем чемпионатындағы алғашқы матчын тамашалауға мүмкіндік беру үшін 18 маусымдағы жұмыс күнінің басталу уақытын сағат 10:00-ге ауыстыруды тапсырды.

Фото: ашық дереккөз

 

 Бұл туралы мемлекет басшысының баспасөз хатшысы Асадов мәлімдеді.

Оның айтуынша, шешім мемлекеттік мекемелер мен ұйымдарға қатысты қабылданған. Мұндағы мақсат – ел тұрғындарының Өзбекстан құрамасының ойынын көруіне жағдай жасау.

Өзбекстан мен Колумбия құрамалары арасындағы матч Ташкент уақыты бойынша таңғы сағат 07:00-де басталды.

Сондай-ақ Асадовтың хабарлауынша, Мирзиёев бұл кездесуді үйінде отбасымен бірге тамашалауды жоспарлаған.

Өзбекстан құрамасы өз тарихында алғаш рет әлем чемпионатының финалдық кезеңіне жолдама алды. Жеребе қорытындысы бойынша команда K тобына түсіп, Португалия, Конго және Колумбия  құрамаларымен ойнайды. Колумбиямен ойнаған көрші ел құрамасы 3:1 есебімен жеңіліп қалды. 

Топтағы алғашқы екі орын алған команда турнирдің келесі кезеңіне өтеді. 

Сайт Әкімшілігі