Пара Азиада: нағыз күрескерлер қатысқан жарыс
2026 жылы 19 қыркүйек пен 4 қазан арасында Жапонияның Аичи және Нагояда қалаларында ХХ жазғы Азия ойындары өтіп, спортсүйер қауым қызығы таусылмас қызу әңгімеге қарық болған еді.
Бірақ төрт жылда бір өтетін байрақты бәсекеде біздің спортшылар табысты өнер көрсете алған жоқ. Күншығыс еліне 559 спортшы апарған Қазақстан құрамасы небәрі 12 алтын, 24 күміс, 48 қола медаль алып, жалпыкомандалық есепте 8-орынға жайғасқан.
Араға біраз уақыт салып, Аичи мен Нагояда V жазғы Пара Азия ойындары өтті. Бұл қалыптасқан дәстүр. Әдетте Олимпиададан кейін де жарыс өткен қалада Пара ойындардың жалауы желбірейді. 18-24 қазан аралығында ұйымдастырылған Пара Азиадаға құрлықтағы 45 елдің паралимпиадалық құрамасы қатысып, 18 спорт түрінен 502 медаль жиынтығын сарапқа салды.
Пара Азия ойындарына мүмкіндігі шектеулі спортшылар қатысады. Биыл жапон жерінде шамамен 4 мың спортшы бақ сынады. Жарыс бағдарламасында пара жеңіл атлетика, пара жүзу, пара дзюдо, пара таэквондо, пара пауэрлифтинг, пара үстел теннисі, пара велоспорт, пара садақ ату, пара спорттық ату, арбадағы теннис және отырып ойнайтын волейбол сияқты спорт түрлері бар.
Қазақстан атынан бұл додаға 150 спортшы қатысып, 12 спорт түрінен өнер көрсетті. Ойындардың ашылу салтанатында мемлекет туын Париж Паралимпиадасының қола жүлдегері, пара жеңіл атлетикадан әлем чемпионы Дастан Мұқашбеков пен пара дзюдодан әлем чемпионатының бірнеше дүркін жүлдегері Аяла Мереке алып шықты.
Жарыс қорытындысында біздің спортшылар 50 жүлде (12 алтын, 16 күміс және 22 қола медаль) жеңіп алып, жалпыкомандалық есепте 9-орынға тұрақтады. Жерлестеріміз пара дзюдо, пара велоспорт, пара жүзу сияқты спорт түрлерінен жүлдеге қол жеткізді.
Жалпы рейтингте Қытай спортшылары көш бастады. Олар турнирде 435 медаль (207 алтын, 117 күміс, 111 қола) жеңіп алды. Екінші орынға жарыс қожайыны – Жапония (64 алтын, 60 күміс, 62 қола медал) жайғасты. Ал үздік үштікті Өзбекстан спортшылары (45 алтын, 49 күміс, 51 қола медаль) түйіндеді. Сондай-ақ Үндістан, Оңтүстік Корея, Иран, Таиланд және Индонезия құрамасы рейтингте Қазақстаннан жоғары орналасқан.
Биылғы бәсекеде 31 елдің спортшылары жүлдеге қол жеткізді. Соның ішінде 22 мемлекетке алтын медаль бұйырды. Ерекше айта кететін жайт, Тәжікстан мен Камбоджа Пара Азия ойындары тарихында алғаш рет медаль жеңіп алды. Ал Қытай спортшысы Чжан Мэн пара жүзуден өзі қатысқан сегіз сайыстың бәрінде алтын медаль иеленіп, турнирдегі ең табысты спортшы атанды.
Қазақстан спортшылары қалай өнер көрсетті?
Қазақстан құрамасы үшін ең нәтижелі спорт түрі пара дзюдо болды. Жерлестеріміз бұл спорт түрінен 5 алтын, 1 күміс және 7 қола медаль жеңіп алып, командалық есепте бірінші орынға жайғасты. Басқаша айтқанда, қоржындағы 50 медальдің 13-ін пара дзюдошыларымыз алып берді. Айтпақшы, Азия ойындарында дзюдодан Қазақстан құрамасы 7 медаль (5 күміс, 2 қола) еншілеген болатын.
Жапонияда алтын медаль алған қазақстандық дзюдошылар: Ибрагим Нұрмаханұлы (J2, 70 келіге дейін), Бексұлтан Құлмұраза (J2, 81 келіге дейін), Жұрқамырза Шүкірбеков (J2, 95 келіден жоғары), Ақтолқын Сейілбекова (J1, 70 келіден жоғары), Зарина Райфова (J2, 70 келіден жоғары). Ал Жанбота Аманжол (J2, 95 келіге дейін) күміс жүлдегер атанды. Қолаға қол жеткізгендер: Ғалымжан Смағұлұлы, Ермек Нұрқабаев, Бағланбек Оңалбек, Ерлан Өтепов, Әлфия Тілекқабыл, Даяна Федоссова және Аяла Мереке.
Дзюдодан кейін ел қоржынына ең көп жүлде салған спорт түрі – велоспорт болды. Қазақстандық пара велошабандоздар 4 алтын, 4 күміс және 1 қола медаль жеңіп алды. Демек, Қазақстан құрамасы 12 алтын медальдің 9-ын дзюдо мен велоспорттан алып отыр.
Айта кетейік, қазақстандық велошабандоздар Азия ойындарында да керемет өнер көрсеткен. Бұл спорт түрінен бізге жалпы 3 алтын, 1 күміс медаль бұйырған еді. Алтын жүлденің біреуін Рината Сұлтанова, екеуін Алексей Луценко алған.
Жапонияда пара велоспорттан алтын алған спортшылар: Наиль Ермұхамбет (ерлер арасында тасжолдағы топтық және жекелей жарыста топ жарды, екі дүркін Пара Азия ойындарының чемпионы), Анастасия Калаус (әйелдер арасында тасжолдағы топтық және жекелей жарыста екі алтын медаль иеленді). Ал күміс медальге Анастасия Калаус, Кирилл Илюкевич (екі күміс) және Жұлдыз Қайнарова қол жеткізді. Сондай-ақ Кирилл Илюкевичтің еншісінде тағы бір қола медаль бар.
Пара пауэрлифтинг. Бұл спорт түрінен Қазақстан құрамасы алты медаль (1 алтын, 2 күміс, 3 қола) жеңіп алды. Екі дүркін Пара Олимпиада чемпионы Давид Дегтярев 54 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде 192 келіні көтеріп, алтын медаль иеленді. Оның бұл нәтижесі Пара Азия ойындарының рекорды ретінде тіркелді. Күміс медаль иегерлері: Тұрсынай Қабыл (41 келіге дейін) мен Алина Солодухина (45 келіге дейін). Қола жүлдегерлер: Станислав Шакиев, Айжан Берімқұлова және Қазақстан ерлер құрамасы.
Пара жүзу. Қазақстандық жүзушілер жарысты 1 алтын, 5 күміс және 4 қола медальмен аяқтады. Диас Кенжебек 100 метрге шалқалай жүзуден алтын медаль алды. Сондай-ақ Диас 100 метрге еркін стильде жүзу және 200 метрге кешенді жүзу бәсекесінде – күміс, 100 метрге баттерфляй әдісімен жүзуде қола медаль еншіледі. Яғни Кенжебек бір өзі 4 жүлде жеңіп алды. Сондай-ақ Әли Тұрғанбеков, 4×50 метрге кешенді жүзуден аралас эстафета командасы және 4×50 метрге еркін стиль жүзуден аралас эстафета командасы күміс жүлдегер атанды. Ал қола медальге Роман Потапов, Виктор Волков және Алина Синельникова қол жеткізді.
Пара жеңіл атлетика. Қазақстан құрамасы пара жеңіл атлетикадан екі күміс және екі қола медальге ие болды. Екінші орын Ислам Сәлімов (ұзындыққа секіру, T13) пен Дастан Мұқашбековке (ядро лақтыру, F36) бұйырса, Иван Залежняк (ядро лақтыру, F36) пен Махамбет Серікқалиев (ядро лақтыру, F53) қола жүлдегер атанды.
Сондай-ақ Айсұлу Сүлейменова әйелдер арасында 100 метрге жүгіруден рекорд жаңартты. Бірақ медаль алған жоқ. Өйткені Айсұлу екі аяғы зақымданған спортшыларға арналған T62 санатында бақ сынайды, бұл жолы өз санатында басқа қатысушы болмағандықтан, бір аяғы зақымданған спортшылар бақ сынайтын T64 санатындағы жарысқа қатысты. Нәтижесінде ол 100 метрді 16,18 секундта жүгіріп, мәрені бесінші болып кесті. Бұл көрсеткіш T62 санатындағы Азиада рекорды болып тіркелді.
Пара нысана көздеу. Еркін Ғаббасов ерлер арасындағы 10 метрге пневматикалық винтовкамен ату (R1, SH1) бәсекесінде Азия ойындарының чемпионы атанды. Ал пара садақ атудан Нұршат Төлеуқасым мен Темірлан Сейітқамал ерлер жұптық сайыста (W1) күміс медаль жеңіп алды. Нұршат Төлеуқасым W1 санатындағы жекелей жарыста қола жүлдеге қол жеткізді. Айта кетерлігі, Қазақстан құрамасы садақ атудан Пара Азия ойындарында алғаш рет медаль алып отыр.
Қазақстан құрамасы пара үстел теннисі бәсекесінде де тарих жаңартты. Пара үстел теннисінен отандастарымыз 4 қола медаль жеңіп алды. Қазақстандық теннисшілер бұған дейін Пара Азиадада жүлдеге ие болып көрмеген. Жапонияда Ардақ Нұрмағамбетов пен Әли Мақұлбеков Қазақстан атынан Пара Азия ойындарында үстел теннисінен медаль алған алғашқы спортшылар атанды.
Сондай-ақ отырып ойнайтын волейболдан Қазақстанның ерлер құрамасы күміс жүлдеге ие болды. Қазақстан құрамасы жартылай финалда Иракты 3:2 есебімен жеңгенімен, финалда Иран спортшыларына 0:3 есебімен есе жіберді.
Пара спорт бәсекесінде өмірдің сынағына сынбай, тағдыр талқысына күле қараған нағыз күрескер спортшылар қатысады. Кейінгі жылдары пара ойындарға әлемдік деңгейде көп көңіл бөлініп жатыр, жарысты тамашалайтын жанкүйерлер саны да артып келеді. Қазақстан 2016 жылдан бастап Паралимпиада жүлдегерлеріне Олимпиада жеңімпаздарымен бірдей сыйақы беретін болған.
Қуаныш ҚАППАС