Саясат

Пашинян Мәскеудегі ҰҚШҰ саммитіне қатыспайды

Армения премьер-министрі Никол Пашинян Ресей астанасында өтетін Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымының (ҰҚШҰ) саммитіне бармайды.

Фото: Tigran Mehrabyan/Armenian Prime Minister Press Service/PAN Photo

 Оның орнына ол Түркияның Анталья қаласында өтетін БҰҰ-ның климаттың өзгеруі жөніндегі COP31 конференциясына қатысады.

11 қарашада Мәскеуде Ресей президенті Владимир Путиннің төрағалығымен ҰҚШҰ Ұжымдық қауіпсіздік кеңесінің отырысы өтеді. Алайда Армения үкіметінің басшысы бұл жиынға қатысудан бас тартқан. Armenpress агенттігінің мәліметінше, Пашинян сол күні Түркияда болады.

Бұл шешім Ереван мен Мәскеу арасындағы қарым-қатынас күрделеніп тұрған кезеңде қабылданды. Қазір Ресей тарапы Арменияның ҰҚШҰ аясындағы дауыс беру құқығын уақытша тоқтату мәселесін қарастыруы мүмкін.

6 қарашада Ресей сыртқы істер министрінің орынбасары Александр Панкин Арменияның екі жылдан астам уақыт бойы ұйымға мүшелік жарна төлемегенін мәлімдеді. Оның айтуынша, жарна төленгенге дейін елдің дауыс беру құқығынан айыру мәселесі қаралуы ықтимал. Алайда әзірге бұл жөнінде нақты шешім қабылданған жоқ.

Пашинян бұған дейін де Арменияның ҰҚШҰ-дағы жұмысын қайта жандандыруға ниетті емес екенін айтқан. Тамыз айының соңында парламентте сөйлеген сөзінде ол ұйым Арменияны мүшеліктен шығарса, мұндай шешімді қуана қабылдайтынын мәлімдеді.

"Егер ұйым Армения Республикасын өз қатарынан шығару туралы шешім қабылдаса, мен қатты қуанар едім. Кем дегенде, бұл бізді ұйымнан шығу немесе шықпау туралы екіұдай таңдаудан құтқарады", – деген еді премьер-министр.



Сондай-ақ ол Арменияның Еуропалық одаққа мүшелікке өтінім беруге дайындықты бастауы мүмкін екенін жоққа шығармады.

Еске салайық, Армения 2024 жылдың ақпанында ҰҚШҰ қызметіне қатысуын тоқтататынын мәлімдеген. Сол жылдың мамырында ұйымды қаржыландырудан да бас тартты. Ереван мұндай қадамға Таулы Қарабақтағы қақтығыс кезінде ҰҚШҰ-ның Әзербайжанға қатысты ұстанымына көңілі толмағандықтан барған.

Пашинян ұйымды "сабын көпіршігіне" теңеп, оның кейбір мүшелерін Бакуді іс жүзінде қолдады деп айыптаған. Ал 2026 жылдың көктемінде Арменияның Еуропалық одақпен жақындасуы Мәскеу мен Ереван арасындағы келіспеушілікті одан әрі күшейтті.

Сайт Әкімшілігі
Тегтер: Пашинян ҰҚШҰ