Павлодар колониясында 12 жылға сотталған 20 жастағы жігіт өлі табылды
Павлодар облысындағы колониялардың бірінен 20 жастағы сотталушының мәйіті табылды. Бұл туралы Halyqstan хабарлады.
Ол кәмелетке толмаған қызбен жыныстық қатынасқа түскені үшін 12 жылға бас бостандығынан айрылған. Алдын ала мәлімет бойынша, жас жігіт өз-өзіне қол жұмсаған.
Оқиға 2025 жылы басталған. Сол кезде 19 жастағы жігіт 15 жастағы мектеп оқушысымен Instagram желісі арқылы танысып, хат алмасқан. Кейін олар қыздың үйінде кездесіп, жыныстық қатынасқа түскен.
Бұл жағдайдан қыздың анасы хабардар болып, полицияға арызданған. Екеуінің де келісімі болғанына қарамастан, Қазақстан заңнамасы 16 жасқа толмаған адаммен жыныстық қатынасқа түсуге тыйым салады.
2026 жылдың сәуірінде сот жас жігітті 12 жылға бас бостандығынан айырған.
Павлодар облысы бойынша Қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің мәліметінше, сотталушының өліміне байланысты қылмыстық іс қозғалды. Қазір оқиғаның барлық мән-жайы анықталып жатыр.