Live

Павлодар мұнай-химия зауыты жанармай бойынша тексеру нәтижесін жариялады

Павлодар мұнай-химия зауыты (ПМХЗ) қазақстандық жүргізушілердің автомобиль отынының сапасына қатысты жаппай шағымдарына жауап берді. Кәсіпорын тәуелсіз сараптама нәтижесін жариялады.

Фото: из открытых источников

Зауыттың баспасөз қызметінің мәліметінше, 25 тамызда АИ-95 және АИ-98 маркалы бензиннің арбитраждық сынамалары SGS Kazakhstan халықаралық тәуелсіз зертханасында тексерілген.

«Талдау нәтижесінде арбитраждық сынамалардың ГОСТ 32513 стандартына сәйкес келетіні ресми түрде расталды. Осылайша ПМХЗ өндіретін АИ-95 және АИ-98 бензині Кеден одағының техникалық регламенті мен ұлттық сапа стандарттарының талаптарына толық сәйкес келеді», – деп хабарлады кәсіпорын.

Зауыт өкілдерінің түсіндіруінше, арбитраждық сынамалар жөнелтілетін әрбір отын партиясынан алынып, сапаға қатысты дау туындаған жағдайда тексеру үшін арнайы қоймада 45 тәулік бойы сақталады.

Бұған дейін жүргізушілердің бензин сапасына қатысты шағымдарына Энергетика министрлігі де назар аударған. Ведомство басшысы Ерлан Ақкенженов министрлік жеке тексеру жүргізіп жатқанын және отын өндіру технологиясының толық сақталғанын анықтау үшін сынамалар алынғанын мәлімдеген.

Сайт Әкімшілігі
Тегтер: жанармай