Павлодарда 16 бүлдіршінді ұрған тәрбиеші сотталды
Павлодарда сот балабақша тәрбиешісіне үкім шығарды. Ол кішкентай балаларды азаптады деп танылған.
Әңгіме жасы екі мен екі жарым жас аралығындағы 16 тәрбиеленуші туралы болып отыр.
Тергеу мәліметінше, әйел балаларға жүйелі түрде күш қолданған. Ол бүлдіршіндерді ұрып, шашынан тартып, дөрекі түрде итеріп-жұлқылаған. Соның салдарынан балалар физикалық және психологиялық зардап шеккен.
Прокуратураның хабарлауынша, тәрбиешінің кінәсі сотта ұсынылған дәлелдер мен мемлекеттік айыптаушының ұстанымы арқылы дәлелденген. Сот процесі барысында айып ауырлататын мән-жайлары бар неғұрлым ауыр бапқа ауыстырылған.
17 сәуір 2026 жылы сот әйелді 4 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығынан айыру жазасына кесті. Алайда жаза өтеу мерзімі кейінге шегерілді.
Сонымен қатар оған 3 жыл бойы педагогикалық қызметпен айналысуға тыйым салынды.