Павлодарда ер адам жедел жәрдем қызметкерлеріне пышақпен шабуыл жасады
Оқиға 10 маусым күні Назарбаев көшесіндегі тұрғын үйлердің бірінің ауласында болған.
Көшеде аптап ыстықта жатқан ер адамды көрген тұрғындар оған жедел жәрдем шақырған. Алайда науқас көмек көрсеткен медицина қызметкерлеріне алғыс айтудың орнына агрессия танытқан. Ол жедел жәрдем бригадасына пышақпен қоқан-лоқы жасап, қызметкерлерге шабуылдаған.
Сондай-ақ жүргізушіні жұдырықпен ұрып, кейін реанимобиль салонына кіріп, дәрі-дәрмек ампулаларын сындырған және медициналық құрал-саймандар салынған сөмкені сыртқа лақтырып жіберген.
Павлодар облыстық полиция департаментінің мәліметінше, медицина қызметкерлеріне күш қолдану немесе күш қолданамын деп қорқыту фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалды.
«Ер адам ұсталып, мамандандырылған мекемеге орналастырылды», – деп хабарлады полиция.