Павлодарда есірткі аралас көкнәр сатқан отбасы мүшелері 7 жылға сотталды
Павлодарда тағамдық көкнәр ретінде есірткі қоспасы бар өнімді сатып келген бір отбасының мүшелері бас бостандығынан айырылды.
Қаржы мониторингі агенттігінің мәліметінше, қылмыстық схеманы ұйымдастырушы құрамында есірткі заттары бар көкнәр тұқымдарын кәдімгі тағамдық өнім мен дәмдеуіш ретінде өткізіп отырған.
Тергеу барысында оған жақын туыстары көмектескені анықталды. Олардың арасында міндеттер бөлініп, бірі өнімді жеткізумен айналысса, екіншілері сақтау, қаптау және сатуды жүзеге асырған. Тауар басқа өңірден логистикалық компаниялар арқылы жеткізіліп, сатып алушыларға кәдімгі тағамдық көкнәр ретінде ұсынылған.
Тінту кезінде құқық қорғау органдары есірткі қоспасы бар, сатуға дайын қапталған өнімдерді тәркіледі.
Сондай-ақ тергеу ақшаның қолма-қол және банктік аударымдар арқылы түскенін анықтады. Ұйымдастырушы заңсыз табысқа екі автокөлік сатып алып, оларды жасыру мақсатында өзге адамдардың атына рәсімдеген.
Сот ұйымдастырушы мен оның екі сыбайласын кінәлі деп танып, әрқайсысын 7 жылға бас бостандығынан айырды. Сонымен қатар автокөліктер мемлекет кірісіне тәркіленіп, құрамында есірткі қоспасы бар 321 келіден астам көкнәр тұқымы жойылды.