Павлодарда прокуратура қызметкері көлікпен қағып кеткен әйел 10 күннен кейін ауруханада көз жұмды
Павлодарда жол-көлік оқиғасынан ауыр жарақат алған 60 жастағы әйел 10 күннен кейін ауруханада көз жұмды. Апат 13 тамызда Нұрмағамбетов пен Қамзин көшелерінің қиылысында болған.
Алдын ала мәлімет бойынша, әйелді прокуратура қызметкері басқарған көлік қағып кеткен. Жәбірленуші бас сүйегі, қабырғалары мен бұғана сүйегі сынған ауыр жарақаттар алған. 23 тамызда алған жарақаттарының салдарынан қайтыс болды.
Павлодар қаласының прокуратурасы жол апатына өз қызметкерінің қатысқанын растады. Аталған факті бойынша Қылмыстық кодекстің 345-бабы 2-бөлігімен қылмыстық іс тергеліп жатыр. Тергеуді Павлодар облысының полиция департаменті жүргізуде.
Марқұмның немересінің айтуынша, оқиға туралы ақпарат жария болғаннан кейін іс бойынша тергеуші ауысқан. Оның сөзінше, содан кейін тергеу жұмыстары жандана түскен. Бұл мәлімет әзірге ресми түрде расталған жоқ.