Қоғам

Павлодардағы түрмені тексеру кезінде 15 смартфон мен PlayStation табылды

Бұл факті бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды.

Фото: ашық дереккөзден

Павлодар облысындағы қылмыстық-атқару жүйесі мекемелерінің бірінен сотталғандарға пайдалануға тыйым салынған электронды құрылғылар тәркіленді.

Облыстық прокуратура өңірдегі ҚАЖ мекемелерінде режим талаптарының сақталуын және тыйым салынған заттардың ішке жеткізілу жолдарын тексерген.

Тексеру барысында мекемелердің біріндегі үй-жайдан 15 смартфон, алты Wi-Fi роутері, сымды және сымсыз құлаққаптар, USB-кабельдер, флеш-карталар мен Sony PlayStation ойын приставкасы анықталған. Сондай-ақ өзге де заттар тәркіленген.

Прокуратураның мәліметінше, аталған құрылғыларды сотталғандардың сақтауы мен пайдалануына тыйым салынған.

Осы дерек бойынша Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 371-бабы – салғырттық бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру тіркелді.

Қазір тыйым салынған заттардың режимдік нысанға қалай жеткізілгені, оларды өткізуге қатысы болуы мүмкін тұлғалар мен арналар анықталып жатыр.

Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабына сәйкес, тергеу мүддесіне байланысты өзге ақпарат әзірге жарияланбайды.

Сайт Әкімшілігі