Live

Польша аумағына құлаған үш зымыранның да Ресейдікі екені анықталды

Польша аумағына құлаған үш зымыранның да Ресейдікі екені анықталды

Фото AP

Польша прокуратурасы 20 қарашада ел аумағына құлаған үш зымыранның Ресейде өндірілгенін мәлімдеді. Тергеудің алдын ала қорытындысына сәйкес, олардың барлығы Х-101 үлгісіндегі қанатты зымырандар болып шыққан.

Reuters агенттігінің хабарлауынша, бұл туралы 22 қарашада Люблин округтік прокуратурасы мәлімдеген.

Бастапқыда Польша билігі ел аумағына екі зымыран мен бір дрон құлағанын хабарлаған еді. Алайда оқиға орындарынан табылған қалдықтарды зерттеу нәтижесінде үш нысанның да Ресейдің Х-101 қанатты зымырандары екені анықталған.

Прокуратура мәліметінше, зымырандар 2026 жылдың төртінші тоқсанында Ресейдің Мәскеу облысындағы Дубна қаласында орналасқан кәсіпорында жасалған.

Зымыран қалдықтары Польшаның Люблин және Подкарпат воеводстволарындағы үш елді мекеннен табылған. Атап айтқанда, олар Новый-Липовец, Рудник-над-Саном және Молодыч ауылдарының маңына құлаған.

Оқиға 20 қарашада Ресей Украинаға ауқымды әуе шабуылын жасаған кезде болған. Сол уақытта үш зымыран Польшаның әуе кеңістігін бұзып кірген.

Абырой болғанда, оқиғадан қаза тапқандар мен жарақат алғандар жоқ.

Польша премьер-министрі Дональд Туск бұл оқиғаны Ресей тарапынан жасалған қасақана арандатушылық болуы мүмкін деп бағалады.

Ал НАТО бас хатшысы Марк Рютте альянстың Польша аумағын қорғауға дайын екенін мәлімдеген.

23 қарашада Брюссельде НАТО-ның Солтүстік Атлантикалық кеңесі Польша әуе кеңістігінің бұзылуына байланысты мәселені талқылауды жоспарлап отыр.

Қазіргі уақытта Польша прокуратурасы тергеуді жалғастыруда. Зымыран қалдықтарына қосымша сараптамалар жүргізіледі.

Сайт Әкімшілігі