Жолдау-2026: Президент бизнеске тексеру жүргізуге үш жылдық мораторий енгізуді ұсынды
Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы Жолдауында мемлекеттік органдар мен квазимемлекеттік компаниялардың сатып алуларына шағын және орта бизнестің қатысу мүмкіндігін кеңейтуді ұсынды.
Оның айтуынша, сатып алынатын тауарлар мен қызметтердің белгілі бір бөлігін осы санаттағы кәсіпорындарға бекітіп, жеткізушілерге қойылатын талаптарды жеңілдету қажет. Сонымен қатар кәсіпкерлер үшін тұрақты әрі түсінікті ережелер қалыптастыру маңызды.
Президент кәсіпкерлерге айыппұл салу, жоспардан тыс тексерулер жүргізу және камералдық бақылау кезінде банк шоттарын бұғаттау арқылы қысым көрсетілуін сынға алды. Оның мәліметінше, 2026 жылдың алғашқы жартысында жеке кәсіпкерлер арасындағы анықталған заң бұзушылықтар 34%-ға азайған. Алайда айыппұлдардың жалпы сомасы шамамен 11%-ға өсіп, жоспардан тыс тексерулер саны ондаған есе артқан.
Мемлекет басшысы бизнестің дамуына кедергі келтірмей, оның еркін жұмыс істеуіне жағдай жасау керектігін атап өтті. Осы ретте 2020–2023 жылдары микро және шағын бизнесті тексеруге енгізілген мораторий тәжірибесін мысалға келтірді.
Тоқаев Құрылтай депутаттары мен Үкіметке 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап кәсіпкерлерді тексеруге үш жылдық мораторий енгізу мүмкіндігін талқылауды ұсынды. Оның сөзінше, бұл қадам бақылау-қадағалау жүйесін жаңартып, реттеуді цифрлық форматқа көшіруге мүмкіндік беретін өтпелі кезең болуы керек.