"Карьерімді тартып алды": Қазақстандық кәсіпкер Садыр Жапаровқа шағымданды
Қазақстан азаматы Алиджи Афаров Қырғызстан президенті Садыр Жапаровқа алаяқтардың құрбаны болғанын айтып, көмек сұрады.
Кәсіпкердің сөзінше, өзін президенттің туысы ретінде таныстырған азаматтар оның 200 мың доллардан астам қаражатына зиян келтірген.
Оқиға 7 қарашада Садыр Жапаровтың Қант қаласы мен Ыстық-Ата ауданы тұрғындарымен кездесуінде болған. Афаровтың айтуынша, ол Қырғызстанның Шу облысындағы Қант қаласына жақын жерден карьер сатып алған. Алайда кейін өзін ұйымдасқан қылмыстық топтың мүшелері деп сипаттаған адамдар кәсіпорынды алаяқтық жолмен қайта иемденіп алған.
"Мен карьер сатып алып, ұйымдасқан қылмыстық топтың қолына түстім. Олар алаяқтық жолмен карьерді қайта тартып алды. Келтірілген шығын 200 мың доллардан асады. Олардың бірі өзін сіздің жиеніңіз Азамат Жапаров деп таныстырды. Екіншісі – Ильясбек Қайыпов", – деді кәсіпкер.
Садыр Жапаров Азамат Жапаров туралы сұраған. Афаров оның өзін президенттің туысы ретінде таныстырғанын, бірақ кейін бұл ақпараттың шындыққа сәйкес келмейтіні анықталғанын айтқан. Кәсіпкер аталған адамдардың ұйымдасқан қылмыстық топтармен байланысы болуы мүмкін екенін де мәлімдеді.
Шағымды тыңдаған Қырғызстан президенті Ішкі істер министрлігіне жағдайды тексеруді тапсырды.
"Жиналыстан кейін бірден қабылдап, барлық мәліметті анықтаңыздар. Оларды ұстаңыздар, ақшасын қайтарыңыздар. 200 мың долларды қайтару керек. Көмектесіңіздер", – деді Садыр Жапаров.