Әлеумет

Психиатриялық ауруханаға мәжбүрлеп жатқызылған Мұхаммад Өмірбек апелляциялық сотта жеңіске жетті

Психиатриялық ауруханаға мәжбүрлеп жатқызылған Мұхаммад Өмірбек апелляциялық сотта жеңіске жетті.

Фото: Мұхаммад Өмірбек / ЖИ арқылы өңделді

Түркістанда медицина қызметкерлерінің құқығын қорғап жүріп, психиатриялық ауруханаға мәжбүрлі түрде жатқызылғанын мәлімдеген Мұхаммад Өмірбек тоғыз айға созылған сот дауының алғашқы нәтижесіне қол жеткізді.

Шымкент қалалық сотының апелляциялық алқасы оның шағымын қанағаттандырып, бірінші сатыдағы соттың талап арызын қайтару туралы ұйғарымының күшін жойған. Бұл туралы Мұхаммад Өмірбектің өзі "Жас Алаш" редакциясына хабарлады.

"Апелляциялық сотта жеңіске жеттім! Жекеше шағымым қанағаттандырылды. Бұл – мен үшін үлкен жеңіс әрі тоғыз айға созылған күресімдегі маңызды қадам!" – деп жазды Мұхаммад Өмірбек.

Оның айтуынша, Шымкент қалалық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасы бірінші сатыдағы соттың талап қою арызын қайтару туралы ұйғарымын жойып, істі мәні бойынша қарауға жол ашқан.

Алайда бұл шешім Мұхаммад Өмірбектің психиатриялық диагнозы заңсыз деп танылды немесе оның барлық талабы толық қанағаттандырылды дегенді білдірмейді. Әзірге апелляциялық сот оның талап арызын сотта қарауға мүмкіндік берген. Ал негізгі дауға қатысты түпкілікті шешім әлі алда.

Фельдшерлердің құқығын қорғаудан басталған дау

"Жас Алаш" бұған дейін Мұхаммад Өмірбектің басынан өткен жағдай туралы бірнеше рет жазған болатын. Түркістан тұрғыны Мұхаммад Өмірбек бес жыл фельдшер болып жұмыс істеген. Ол медицина саласындағы еңбек жағдайына, жедел жәрдем қызметкерлерінің әлеуметтік мәселелеріне назар аударуға тырысқан.

2025 жылдың қарашасында Өмірбек "103 Қазақстан" атты WhatsApp тобын ашып, фельдшерлердің жалақысын көтеру, зейнет жасын қайта қарау, тұрғын үй мәселесін шешу және еңбек құқықтарын қорғау туралы ұсыныстар көтерген.

Алайда өзінің айтуынша, осы қоғамдық белсенділігінен кейін оған жергілікті билік пен құқық қорғау органдары тарапынан қысым жасала бастаған.

Мұхаммад Өмірбек полиция қызметкерлері мен әкімдіктің ішкі саясат бөлімі тарапынан қысым көргенін мәлімдеген. Дегенмен жергілікті әкімдік бұл айыптауларды жоққа шығарған.

Фото: Мұхаммад Өмірбек/Мұхаммад Өмірбек

37 күн психиатриялық ауруханада жатқан

Оқиғаның ең даулы тұсы 2025 жылғы 5 желтоқсанда басталған. Мұхаммад Өмірбектің айтуынша, сол күні полиция қызметкерлері оны психиатриялық медициналық мекемеге жеткізген. Нәтижесінде ол 37 күн бойы психиатриялық ауруханада жатқан.

Оған F22 – "сана бұзылысы" диагнозы қойылған. Бұл диагноздың негізділігіне күмән келтірген Өмірбек өзінің психикалық жағдайына қатысты тәуелсіз сараптамадан өтуге шешім қабылдаған.

Ол кейін Астана қаласында психиатриялық тексеруден өтіп, психикалық ауытқуы жоқ екені туралы қорытынды алғанын мәлімдеген. Осылайша, бір азаматтың психикалық денсаулығына қатысты екі түрлі медициналық қорытынды туралы мәселе туындады.

М. Өмірбек Түркістандағы психиатриялық мекеменің әрекеттерімен келіспей, сотқа жүгінді. Оның негізгі талаптарының қатарында қойылған диагноздың заңдылығын даулау және психиатриялық есептен шығару мәселелері болды.

Бұл оқиға қоғамдық белсенділік пен азаматты мәжбүрлі психиатриялық емдеуге жатқызудың заңдылығы туралы маңызды сұрақтар туғызды. Атап айтқанда, адамды өз еркінен тыс психиатриялық мекемеге орналастыру үшін қандай медициналық және құқықтық негіздер болғаны, мұндай шешімнің қабылдануына кімдердің қатысқаны және пациенттің құқықтары қаншалықты сақталғаны анықталуға тиіс.

Тоғыз айға созылған сот дауы

Мұхаммад Өмірбек өзіне қойылған диагнозға және психиатриялық мекеменің әрекеттеріне құқықтық баға берілуін талап етіп, сотқа жүгінген. Алайда бірінші сатыдағы сот оның талап қою арызын қайтару туралы ұйғарым шығарған. Соның салдарынан негізгі дау мәні бойынша қаралмаған.

М. Өмірбек бұл шешіммен келіспей, апелляциялық шағым түсірген. Енді Шымкент қалалық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасы бірінші сатыдағы соттың ұйғарымын жойған.

Бұл шешімнің маңызы – азаматтың талаптары сотта қаралуына жол ашылғанында. М. Өмірбек әлеуметтік желідегі жазбасында апелляциялық соттың шешімін әділдікке жету жолындағы маңызды қадам деп бағалады.

"Бір істің соңынан бір арыз жазып, әділдік іздеп жүргеніме тоғыз ай болды. Апелляциялық сот бірінші сатыдағы соттың талап қою арызымды қайтару туралы ұйғарымының күшін жойып, ісімді мәні бойынша қарау үшін қайта жолдады. Енді талап қою арызым әкімшілік сотта АППК тәртібімен қаралатын болады. Әділдікке жету жолындағы күресім жалғасуда!" – деді ол.

М. Өмірбек судья сот отырысында оған өз ұстанымын толық жеткізуге мүмкіндік беріп, уәждерін мұқият тыңдаған. Бұдан бөлек, ол өз мүддесін қорғаған адвокат Ақмарал Джаркеноваға және заңгерлік кеңес берген Темірлан Ахметовке ризашылығын жеткізді.

Апелляциялық соттан кейін Мұхаммад Өмірбек күресін жалғастыратынын мәлімдеді.

"Жас Алаш" Мұхаммад Өмірбектің ісін бұған дейін де назарда ұстап келген. Біз алдағы сот процесін де бақылап, істің қалай аяқталатынын оқырманға хабарлаймыз.

Сайт Әкімшілігі