«Путиннің досы» атанған кәсіпкер кісі өлтіруге тапсырыс берген
Мәскеудің Басман аудандық соты ресейлік кәсіпкер Илья Траберді екі ай мерзімге қамауға алу туралы шешім шығарды.
Тергеу нұсқасына сәйкес, ол тапсырыспен жасалған кісі өлтіруді ұйымдастырды деген күдікке ілінген.
Онымен бірге қылмысты орындады деп күдікке алынған Әлисұлтан Надирбегов те екі айға қамауға алынды. Екеуіне ұйымдасқан топ құрамында пайдакүнемдік мақсатпен кісі өлтіру және қаруды заңсыз сақтау баптары бойынша айып тағылып отыр.
Қылмыстық іс аясында барлығы төрт адам ұсталған. Қалған екі күдіктіге қатысты бұлтартпау шарасы жақын күндері анықталмақ.
Ресейлік БАҚ-тың хабарлауынша, бұл іс 2020 жылы Санкт-Петербургтегі кәсіпкер әрі муниципалдық депутат Александр Петровтың өліміне байланысты. Ол саяжай аумағында мерген винтовкасынан атылған оқтан қаза тапқан.