Руханият

Қанағат Әбілқайыр, жазушы: Өкініштісі де, қуаныштысы да сол – біздің билік кітап оқымайды

"Жазушының жалғыз міндеті бар, ол – шындықты жазу" деген екен Э.Хемингуэй.

Фото ашық дереккөз

 Расында, әдебиет өмір шындығын көркемдік шындыққа айналдырып, сол арқылы қоғамның қайшылықтарын, адам болмысының күрделі қатпарларын танытатын өнер. Әсіресе қаламгердің өзі өмір сүріп отырған заманның тынысын тап басып, көпшілік көз үйреткен құбылыстардың астарынан өзгеше мән табуы, соны көркемдік тұрғыдан игере білуі – жазушылық шеберліктің бір өлшемі. 2000-жылдардың бастапқы кезінде дәл осындай тың тақырып, өз жазу мәнерімен әдеби ортада жарқырап көрінген қазақ қаламгерлерінің бірі – Қанағат Әбілқайыр. Бүгінде оқырман қауым оны сатирик жазушы ретінде жақсы таниды. Әсіресе жазушының шығармаларында арзан күлкіге, орынсыз әсірелеу мен жалаң әжуаға ұрынбайтыны жұртшылықты сүйсіндіреді. Қаламгер өмірдің өзіндегі қисынсыздықты, қоғамның бойына жабысқан келеңсіздіктерді, адам мінезіндегі қайшылықтарды шынайы оқиғалар мен жанды бейнелер арқылы көрсетеді. Біз бүгінжазушыменқазіргі әдебиеттің жай-күйі, сатираның сипаты, беталысы, жазушылық жауапкершілік пен шығармашылық ізденістері туралы әңгімелестік.

Фото ашық дереккөз/Қанағат Әбілқайыр

– Қанағат аға, оқырман қауым сізді жазушы ретінде алғаш "Қағаз қала", "Ұмыт мені" сынды жинақтарыңыз арқылы таныды. Содан бері біршама уақыт өтті, бірнеше кітабыңыз жарық көрді. Әдетте қаламгердің алғашқы шығармалары мен кейінгі туындыларының арасында едәуір айырмашылық болады. Мұны кейде кітаптан кітапқа өсу деп жатамыз. Алдымен осы туралы айтайықшы…

– Қалай болғанда да кез келген туындының, ол проза, поэзия, драма немесе сурет өнері болсын, бағасын көзі қарақты көпшілік береді. Сол өлшеммен бағаласақ, кейінгі шығармаларымда ақылым біраз толысқан сияқты. Әзілмен емес, нақты дәлелмен сөйлейін.

Менің бағым шығар, жолымда жанашыр адамдар, жақсы қаламгерлер көп жолықты. Мәселен, өзің айтқан "Қағаз қаланы" алғаш Дулат Исабеков ағам оқып шықты. Көп жағдайда қалам ұстаған жандар бір-бірін оқи бермейді, оқыса да пікір айтуға сараң. Таласбек Әсемқұловтың "Оқыған жоқпын" деген мақаласы бар еді ғой, сонда айтылғандай – елемей өлтіреді. Ал Дулат аға оқып шыққаны өз алдына, "Қазақ әдебиеті" газетіне сол кітап туралы жылы лебізі аңқыған мақала жариялатты. Өзім күтпеген ғажап сыйлық болды. Аузымнан тастамайтын Тұрсынжан Шапай ағам: "Әй, осы кітапты елдің ең соңынан алған мен шығармын. Кейбір кейіпкерлеріңе өзі көтере алмайтын нардың жүгін артып жіберіпсің", – деді. Ұдайы теріс сөйлейтін Өтежан Нұрғалиев ағам осы кітапты оқығаннан кейін менімен ашылып сөйлесетін болды. Ол кезде  "Қазақстан" телеарнасында жұмыс істейтінмін. Өтежан ағаның үйі сол маңға жақын еді. Бізді Құлтөлеу Мұқаш ағам таныстырған. Аяңдай басып келеді, жанында Құлтөлеу Мұқаш, Дәурен Берікқажы інілері бар, бірнеше сағат әңгімесін айтып отырады. Әттең, ағаның әңгімелерін жазып алу ойға келмепті ол кезде. Сосын, Қажытай Ілиясов ағам көрген жерде: "Сен қорықпай жаза бер. Дайын сатириксің. Реті келгенде айта қояйын десем, атың еске түспей қалады, не өзің көріне қоймайсың" дейтін. Сол "Қағаз қала" мен соңғы жария көрген "Жүректің көз жасының" арасында төрт кітап шығып үлгерді. "Қайыршының миллиардер досы" үш рет басылды, түрік тіліне аударылып, Ыстамбұлда таныстырылымы өтті. Бұл кітаптың да алғашқы оқырманы – Тұрсынжан Шапай. "Отыз жыл қанымызды сорған билікті қағаз бетінде болса да құлатыпсың ғой" деді. Ал Төлен Әбдік ағам "Қазақ әдебиеті" газетінде  ақын Батырхан Сәрсенханға берген сұхбатында: "Соңғы оқығаным – Қанағат Әбілқайырдың "Қайыршының миллиардер досы" деген хикаяты. Сатира жанрында жазылған батыл да сапалы шығарма. Оның ішіндегі фантастикалық элементтер қайсыбір оқырманға әрқилы әсер етуі мүмкін, бірақ жанрдың табиғатын түсіну қажет. Әлемдік әдебиеттің классиктері Свифтің "Гулливердің саяхаты", Рабленің "Гаргантюа мен Пантагрюэль" романдары да фантастикалық элементтерге толы. Олар сол арқылы заманның, қоғамның кемшіліктерін өткір сынға алды. Жағымпаздық жайлаған әдебиет пен өнерде батыл жазатын сауатты жастардың пайда болуы қуантады" деп баға берді. Керемет емес пе? Осындай алыптар оқып, баға беріп жатса, көңіліңе, қаламыңа қанат біткендей болатыны рас.

Мұның бәрін мақтан үшін ғана айтып отырған жоқпын. Өзіңнің сауалыңа орай ағалардың пікірі арқылы берген жауабым ғой.

– Өзіңіз айтып отырған осы шығармаларыңыздың атаулары да өзгеше. Осының өзінен-ақ қоғамда орын алып жатқан кейбір қайшылықты құбылыстарға деген қаламгердің ішкі наразылық, қарсылығын байқауға болатындай.

– Иә, солай ғой. Мәселен, тәуелсіздік алғанымызға отыз бес жыл болды. Сол аралықта тіл мәселесін шеше алмадық. Ұмытпасам, Евгений Жовтис бір сұхбатында: "Тәуелсіздік алған сәтте "Мемлекеттік тіл – қазақ тілі" деп заң қабылдап жіберу керек еді. Өйткені ол уақытта бәрі басымен қайғы болып кеткен. Орыс тілін жоқтап, талап ететін шамада емес еді" деген мағынада пікір білдірген. Осы пікірге мен де қосылам. Сол кезде заң солай бекітілсе, қазір елімізде таза қазақша сөйлейтін өзге ұлт өкілдерінің алды отыз беске келер еді. Бұл – әлі күнге өзекті болып тұрған тіл мәселесі шешілді деген сөз емес пе? Бір жағынан, Мұхтар Мағауиннің: "Жасы келгендері өледі, жастары өз елдеріне қашады. Солай тіл мәселесі де шешіледі түбі", – деген оптимистік  пікірімен де келісуге болады. Бірақ ол көп уақытты қажет етеді. Елімізде осындай түйіні әлі толық шешілмеген мәселелер толып жатыр. Құрылыс пен жолдың сапасы, ауыз су мен газдың аймақтарда жетіспеушілігі, бір сөзбен айтқанда, қай саланы алсақ та ақсап тұр. Міне, осыны көресің де, қарның ашады. Қолдан келері – қағазға түсіру.

Фото: из открытых источников/Қанағат Әбілқайыр

–Оқырмандар шығармаларыңыздың саяси астары туралы жиі сұрайтын шығар…

–  Оқырманның ең көп сұрайтын сауалы: "Қорықпайсыз ба?", "Жоғарғы жақтан ескерту болмады ма?" деген сыңайда. Өкініштісі де, қуаныштысы да сол – біздің билік кітап оқымайды. Өкініш дейтінім, билік кітап, газет-журнал оқыса, халықтың ащы дауысын естір еді, халықтың мұң-мұқтажын білер еді, соған орай аз да болса, халыққа мойын бұрар еді. Әттең, күннен-күнге қарапайым жұрт пен биліктің, бай-бағланның арасы алшақтап барады. Бұл жақсы емес. Ал қуаныштысы – солардың кітапқа мұқият болмағанының "арқасында" қоғамның бар былығын ақтарған тұңғыш кітабым мемлекеттік тапсырыспен цензурасыз жарық көрді. Ең бастысы, сол кезде атын атауға болмайтын, саясат құрбаны – Алтынбек Сәрсенбайұлына арнаймын деп шекесіне жазып жібердім. Көңіліңдегіні айта алғанға не жетсін, мен шама-шарқым жеткенше соны айттым, айтып келе жатырмын деп ойлаймын. Ал саяси астарын көзі қарақты оқырман айтқызбай біледі ғой. Ол жағына ризамын.

 Президент те кітап оқуға үндеп жатыр ғой, жақсы бастаманы қуана қолдаймын. Мүмкін енді қалам ұстаған қауымның жазғандарынан бір қорытынды шығар.

–Оқырман сізді көбіне сатирик жазушы ретінде таниды. Дегенмен осыдан бірер жыл бұрын "Жүректің көз жасы" атты повесіңіз қазақ әйелінің образын бейнелейтін жаңа шығармалардың бәйгесінде топ жарды. Әдетте белгілі бір жанрда танылған қаламгердің басқа бағытқа бет бұруы оқырман үшін де қызық. Өзіңізге қиын соққан жоқ па?

– Мен о баста өлеңнен бастадым. Поэзиядан прозаға келген қаламгерлер өз әдебиетімізде де, әлем әдебиетінде де аз емес. Сосын, сатирик деп таныстыратындарға еш реніш жоқ. Кімді-кім оқып-біліп жатыр?.. Негізі, әу баста лирикалық әңгімелер жазғам. Жас кез, әсерленгіш шақ. Ол кезде жазған өлең, әңгімелерім жақсы бағаланды да. Мәселен, үшінші курста оқып жүргенде ҚазҰУ-де Фариза Оңғарсыновамен кездесу өтетін болды. Тарих, Филология, Журналистика факультеттеріне жақсы таныс үшінші зал бар еді. Тайлы-таяғымыз қалмай сол жерге жиналдық. Көппен бірге мен де өлең оқыдым. Бәрін үнсіз тыңдап отырған Фариза апай орнынан тұрып, бетімнен сүйіп, қолтаңбасын берді. Жүрегім жарыла қуандым. Ертесі Қырықбай Аллаберген деген ұстазымыздың емтиханы еді. Еш дайындық жоқ. Кіріп, сұрағымды алып, үстелге отырғаным сол, "Қанағат, тақтаға шықшы" деді ағайым. "Сұрақты алғаным жаңа, мұнысы несі?" деген оймен тақтаға жақындадым. Сөйтсем, "Кеше Фаризамен болған кездесуге бара алмадым. Дегенмен бәрін естідім. Кеше оқыған өлеңіңді жатқа білесің бе?" – дейді. О, Құдай! Сол да сөз болып па? Саңқылдап оқып бердім. Сабаққа қатысты бір ауыз сауал қоймастан жоғары бағамды қойып берді. Міне, бұл да бір естелік.

Десе де, сатира да маған оң иығын беріп тұрды. Мектептен кейін оқуға түсе алмай қалуым, пара дәмету, таныссыз шаруаның бітпеуі дайын сатира еді. Жоғарыда айттым, жақсы адамдар жолымда көп кездесті деп. Жазғандарымды алып, ойпырмай, ол кезде не деген жүрек десеңізші, "Жас Алаш" газетіне кіріп бардым. Қазіргідей интернет, әлеуметтік желінің жоқ кезі, газет-журналдың дүрілдеп тұрған сәті. Он жеті жастамын. Бәрі жата-жастана оқитын газеттің бірнеше қосымшасы болды: "Мыңнан бір мезет", "Сергек", "Рух", "Сүзеген сөз", "Ырғақ" деген сынды. Сол кезде "Сүзеген сөзді" қазір белгілі композитор, ақын, баспагер Жарылқасын Дәулет ағам шығарады екен. Пейілі бірден түсті, үйіне алып барды, көп ұзамай сол үйдің баласындай болып кеттім. Атынан ат үркетін Темірбек Қожакеев, Ғаббас Қабышұлы, Үмбетбай Уайдин, Намазәлі Омашев сынды ағалармен жетектеп жүріп таныстырды. Үйлерінде болып, дәм татып, риза көңілмен қайтқан сәттер әлі есте. Сол тұстан сирек те болса сатираларым басылым беттерінде жариялана бастады. Өзім қалаған оқуға да түстім. Сатираға икемімді байқады ма, бір күні ұстазым – Кәкен Хамзин белгілі түрік сатиригі Әзиз Несиннің кітабын сыйлады. Ол кезде ағамыз "Қазақ университеті" газетінің бас редакторы еді. "Осыны оқып шық та, ауыл мәселесі туралы бірдеңе жазшы", – деді. Жата-жастана оқыдым, қатты ұнады. Содан "Студенттің түсі" деген дүние өмірге келді. Ауылдың бар мәселесін қамтуға тырыстым. Ағайым газетке жарқ еткізді, 3 мың теңге қаламақы ұстатты. Ол кезде 3 мың деген үлкен ақша. Сол дүнием тұңғыш кітабыма да енді. Міне, осылай сатирик атанып шыға келдім.

Айтпағым, сатирадан бөлек, проза маған жат емес. Соңғы жарық көрген "Жүректің көз жасы" о бастан көңілде жүрген дүние еді. Реті келді, жазылды. Өзім үшін сәл шикілеу, асығыстау дүние. Дегенмен көпшілік жақсы қабылдады. Байқауда бас жүлде алды. Одан өзге, сатираға мүлде қатысы жоқ, "Атажұрт" (әзірге шартты атауы), "Жалмауыз кемпірдің қыз кезі" сынды дүниелер дайын тұр. Бұйырса, осы жылы, болмаса келер жылдың басында жарық көріп қалар.

– "Атажұрт" дегеніңізден шығады, бір сөзіңізде тарихи роман жазып жүргеніңізді айтыпсыз. Зайыры, осы шығармаңызды меңзеген шығарсыз. Роман не туралы?

– Бұл – тарихи болғанда, өзім ойлап тапқан тарих қой. Мәселен, орыстың халқы емес, билігі бізге қаншама жыл қылмағанды қылды. Ә деп елімізге кіргеннен ұлымызды құл, қызымызды күң қылуға барын салды. Белгілі дәрежеде онысы іске асты. Әлі күнге өктемдігін көрсеткісі келіп тұрады. Бұл ұлтаралық араздық тудыру емес, бәріміз көріп отырған шындық.

Содан қарашекпенділердің елге алғаш қадам басуынан бастадым. Олар бізді аямады, адам деп қарамады. Әйелдер етегін түріп, бетін басып жата қалады, еркегі тауға қашады деген зұлмат заман. Сол кезді қағазға түсіргім келді. Бар ойым, кейінгі жастың жүрегіне ұлттың қарсылық дәрісін егу, ұлттық иммунитетін күшейту. Бұл жерде белгілі ақын, курстас досым Алмас Темірбайға мың алғыс! Оқиға Көкшетау өңірінде өрбиді ғой. Мен қарашекпенділер келгенге дейінгі тарихи жер-су атауларын білмеймін, бір аралықтан келесі аралыққа атпен сар желіп немесе шауып қанша уақытта жетуге болатынынан да хабарсызбын. Соның бәрін анықтау үшін таяуда арнайы бардым, Алмаспен бірге Көкше өңірін шарлап шықтық, тиісті мағлұматтарды  алдым. Бұйырса, көп ұзамай тағы бір кітап жарық көреді деп отырмын.

– Әдетте жазушылардан "әдебиетке қалай келгенін" сұрап жатады. Шыны керек, өзіме сол сұрақ аса ұнайды. Дегенмен сіздің жазушылық жолыңыздың қалай басталғаны қызық. Жалпы қалам ұстауға деген ынта, дәл осы проза жазып көруге деген талпыныс қашан, қалай басталды?

– Мен о бастан бұл дүниеге хобби (үйірсектік) деп қарадым. Әлі күнге сол көзқарастамын. Өйткені менде – М.Мағауин, Т.Шапай сияқты жазуға деген жауапкершілік жоқ. Жазғым келгенде жазам, ары кетсе, романның өзін он шақты күнде аяқтай салам. Бұл мақтан емес. Бұл қалам ұстаған, жазуға адал жандардың намысына тию де емес. Бір оқиға біраз күн немесе айлар басымда пісіп жүреді де, оп-оңай төгіле салады. Оп-оңай дейтінім, қиналып, күшеніп, сөз іздеп ұзақ отырмаймын, оған шыдамым да жетпейді.

Ал жазудың басталғаны, сол күнделік пен өлеңнен шығар. Оқушы кезімде күнделік жаздым, анаға, қыздарға, туған жерге өлең арнадым, толғанып, тебіреніп. Тым сезімтал болмасам да, әсерленгіш едім. Соның бәрі кейін де қалам ұстауыма әсерін тигізді-ау деймін. Оның үстіне кішкентайымнан кітапты көп оқитынмын. Мектептің кітапханасын азсынып, колхоздың Мәдениет үйіндегі ауылдық кітапханаға баратынмын. Ол кезде қазіргідей интернет жоқ, бар ермек кітап, газет, журнал еді. Әкем газет-журналға толық жазылатын. Бір нөмірі келмей қалса, бізді пошташының үйіне жіберетін. Ол үйде арсылдаған дәу ит бар, қақпасынан кіре алмай сырттан айғайлап тұрушы едік. Қашан көрсең де терезе алдында көзілдірігін киіп алып әлдене оқып отыратын әкем де менің оқуға, жазуға құштар болуыма септігін тигізген болар.

– "Әдебиетке хобби деп қарадым" дейсіз. Жазуды өмірінің басты мұратына айналдырған кейбір қаламгерлер мұндай пікірді естісе, шамданып қалуы да мүмкін. Өйткені біздің әдеби ортада жазушылықты ерекше жауапкершілік, тіпті белгілі бір дәрежеде қоғамдық міндет ретінде қабылдау үрдісі қалыптасқан. Бұл, бір жағынан, қоғам жазушыларға артып қоятын жауапкершіліктен қашу емес пе?

– Иә, хобби дедім. Бұл – өзің айтқан жазушыларға қоғам артып қойған жауапкершіліктен қашу емес. Бұл – өзім сүйіп оқыған, үлгі тұтқан қаламгерлерге деген құрмет. Өзім жазуға олардай адал бола алмағанымды мойындау. Ал қоғамдағы келеңсіздіктерді қолымнан келгенше ашық сынап, көппен бірге қарсылығымды да білдіріп жүрмін. Бәйдібек ауылындағы қазақ-шешен, Малыбайдағы қазақ-ұйғыр қақтығысында да, күні кешегі Қаңтар оқиғасында да көп ішінде болдым. Алтынбек Сәрсенбайұлының қазасында ұлт саясаткерін бір кісідей жоқтадым.  

– Қалай ойлайсыз? Жалпы жазушының әдебиетпен ғана айналысып, қаламақыға сүйеніп өмір сүруі мүмкін бе?

– Бұл қазіргі біздің қоғамда мүлде мүмкін емес дүние. Аналардың жөргекпұлына әлдекімдер жабысып жатқан сәтте, қаламақы мәселесі сөз етуге тұрмайды ғой. Кезінде атақты ағаларымыз бір кітабының қаламақысына бір көлік мініпті деп естідік. Естідік, көрген жоқпыз. Дәл қазір қаламақымен ғана күн көру, жазу үшін бәрінен – мансап, ақша, атақтан бас тарту – балабақшадағы баланы күлдірумен тең. Яғни бұл қоғамда шығармашылықпен ғана өмір сүру, бәрін ысырып қойып, шығармашылыққа өзіңді арнау мүмкін емес. Кезінде көптеген ағаларымыз елу жастың о жақ, бұ жағында жұмысты қойып, жазуға біржола отырған. Өйткені ол кезде қаламгерлерге мол мүмкіндік бар еді. Қазір дәл ондай жағдай жоқ.

Фото ашық дереккөз/Қанағат Әбілқайыр

– Қазір түрлі әдеби байқаулар жиі ұйымдастырылады. Бір жағынан, мұндай бастамалар жас қаламгерлерді ынталандыратын шығар. Дегенмен әдеби бәйгелердің әділдігі, қазылар алқасының құрамы, шығармаларды бағалау өлшемдері төңірегінде дау-дамай да аз емес. Өзіңіз түрлі бәйгелерге де жиі қатысасыз. Жалпы, мұндай бәйге, мүшәйра, байқаулардың әділдігіне сенесіз бе?

– Бұл өзі қызық сұрақ. Дауы арылмайтын тақырып. Өзің айтқандай, таныс сөйлейтін сәттер де аз емес. Оны қу ішіміз сезеді. Амал қанша?..  Екі мыңыншы жылдың қараша айы. Астанада "Шабыт" халықаралық фестивалі өтті. "Қазақ әдебиеті" мен "Жас Алаш" газетіне әңгімем шыққан уақыт. Құдай-ау, ол кезде интернет, әлеуметтік желі жоқ, дүниені газет ұстап тұрған заман. Тұтас елге танымал екі басылымда жария көрген менің екі әңгімем жүлде алмағанда, кім алады? Сенімім сұмдық! Ал, ең қызығы, біздің шығармаларымыз біреулердің сөмкесінде оқылмаған күйі кете берген ғой. Өздері алдын ала шешіп қойған. Сондықтан бәйгеге қатысу – сенің алдыңа екі талап жүктейді. Бірінші, танысың мықты болуы керек. Екінші, егер қазылар әділ болса, шығармаң мықты болуы қажет. 

– Ал неге өзіңіз "араға таныс салып", бас жүлделер алмайсыз? Оған жазушы ретінде дарыныңыз, қабілет-қарымыңыз әбден жетеді ғой.

– "Әдебиет – ардың ісі" дейді Мұхтар Әуезов. Осы сөзді үлгі тұтсақ, ортаға таныс салу – ұят шаруа. Жоғарыда айттым, үлкен кісілердің берген бағасы – әдебиеттің, менің шығармашылығымның бағасы деп есептеймін. Сондықтан ертең "адам салыпты", "таныс салыпты" деген сөздің не керегі бар. Арлы қазы өзі-ақ әділ бағасын береді ғой.

– Соңғы уақытта "Кітап оқитын ұлт" қалыптастыру туралы жиі айтылып жүр. Осыған орай түрлі кітап оқу челлендждері, байқаулар, марафондар ұйымдастырылып жатыр. Әрине, мұның бәрі оқырманды көбейтуге бағытталған жақсы бастамалар делік. Дегенмен кейде осындай жақсы бастамаларды насихаттаудың өзі даңғаза мен науқанға айналып бара жатқандай әсер қалдырады. Оның үстіне бізде белгілі бір жоба, идея пайда бола қалса, соны жаппай қайталап, әбден жалықтырып жіберетін әдет те тағы бар. Сіз қалай ойлайсыз, ұлттың тұтас кітап оқып кетуі мүмкін бе?

– Жалпы, кітап оқу біздің бала күнімізде кәдімгі ермек болатын. Малшының етігінің қонышында, шофердің көлігінде кітап жүретін, кез келген ұл-қыздың жастығының астында кітап жататын. Президенттің бұл бастамасы өте жақсы, әттең, кітапты оқымайтын, тәуір бастаманы науқанға айналдыратын шенді-шекпенділер көп. Оның үстіне қазір интернет, әлеуметтік желілер кітап оқуға көп кедергісін тигізіп тұр. Заман ағымына қарсы тұра алмаймыз. Дегенмен әр ата-ана балаларына талап қойып, кітап оқуды міндеттесе, адам бойында жоғалып бара жатқан мейірім қайтадан көктер еді. Сондықтан мен бұл бастаманың науқанға емес, дәстүрге айналғанын қалаймын.

Сұхбаттасқан

Ақгүлім ЕРБОЛҚЫЗЫ

Сайт Әкімшілігі