Live

Қандастар ҚАЗТЕСТ пен құжат рәсімдеу мәселесіне президенттің араласуын сұрады

Қандастар ҚАЗТЕСТ пен құжат рәсімдеу мәселесіне президенттің араласуын сұрады

Фото скриншот/ ЖИ арқылы өңделді

Тарихи Отанына көшіп келген қандастар құжат рәсімдеу мәселесіне араласуын сұрап, ел президентіне үндеу жасады.

Қоныс аударушылардың айтуынша, ҚАЗТЕСТ тапсыруды көздейтін пилоттық жобаның енгізілуі Қазақстанда заңды түрде тұруға және азаматтық алуға елеулі кедергі келтіріп отыр.

Қазақстанға тұрақты тұру үшін көшіп келген қандастар құжат мәселесіне байланысты бұрынғы тұрған елдеріне қайтуға мәжбүр боламыз ба деп алаңдайды.

Олардың көбі Қазақстаннан баспана сатып алып, шаруашылық құрып, балаларын мектепке орналастырып үлгерген. Ал кейбір отбасылардың бұрынғы тұрған елінде ештеңесі қалмаған. Өйткені олар тарихи Отанына біржола қоныстанамыз деген үмітпен үйлері мен дүние-мүлкін сатып келген.

Енді қандастардың бір бөлігінің Қазақстанда заңды түрде болу мерзімі аяқталып келеді. Алайда өздерінің айтуынша, қажетті құжаттарын рәсімдей алмай отыр.

Қандастардың мәселесін этникалық қазақтардың еліміздің солтүстік өңірлеріне қоныс аударуына көмектесіп жүрген қоғам белсендісі Instagram парақшасында көтерді. Оның айтуынша, қиын жағдайға тап болған адамдар күн сайын дерлік көмек сұрап хабарласады.

Солардың бірі – ұлдарымен қауышу үшін Қазақстанға көшіп келген 70 жастағы кейуана. Қоғам белсендісінің айтуынша, зейнеткер ҚАЗТЕСТ-тен өте алмағандықтан, оның құжаттары қабылданбаған.

Егер құжат рәсімдеу мәселесі шешілмесе, Қазақстанда заңды түрде болу мерзімі аяқталғаннан кейін ол елден кетуге мәжбүр болады.

Осындай жағдайға тағы бір әйел тап болған. Ол бірнеше рет талпынып, ақыры тест тапсырған. Алайда Қазақстанда болуға рұқсат етілген 90 күндік мерзімінің аяқталуына үш күн ғана қалғандықтан, қоғам белсендісінің айтуынша, оның да құжаттары қабылданбаған.

Әйелдің екі баласы Қазақстанда бір жылдық оқу визасымен жүр. Қоғам белсендісінің сөзінше, егер әйел елден шықса, бірнеше ай бойы Қазақстанға қайта кіре алмайды.

Құжат рәсімдеу кезінде қиындыққа тап болған кейбір қандастар бұрынғы тұрған елдеріне қайтуға мәжбүр болған. Алайда қандастардың өздері айтқандай, олардың көбінің қайтып баратын жері де жоқ.

Аталған үндеу әлеуметтік желіде қызу талқыланып жатыр. Желі қолданушылары бұл мәселені Ұлттық құрылтайдың талқылауына шығаруды, тестілеу талаптарын қайта қарауды және этникалық қазақтардың азаматтық алу рәсімін жеңілдетуді ұсынып отыр.

Сондай-ақ егде жастағы адамдарға және өзге жазу жүйесін қолданатын елдерден келген қандастарға арнайы жеңілдіктер қарастыру қажеттігі айтылуда.

Үндеу авторлары қазіргі талаптар тарихи Отанына оралуды жоспарлап жүрген этникалық қазақтардың көшіп келуіне кедергі болуы мүмкін деп алаңдайды.

Тест, виза мерзімі мен құжат рәсімдеу талаптарының артында өз болашағын Қазақстанмен байланыстыруға шешім қабылдаған қаншама отбасының тағдыры тұр. Енді олар биліктен осы мәселені шешуді және құжаттағы қиындықтар салдарынан тарихи Отанын қайта тастап кетуге мәжбүр болмауы үшін жағдай жасауды сұрап отыр.

Сайт Әкімшілігі
Тегтер: қандастар