Қоғам

Қарағандыда 50 тонналық цистернадан мефедрон анықталды

Қарағанды облысында мефедрон өндіруге арналған ірі есірткі зертханасының қызметі тоқтатылды.

Фото: полиция

Полиция мәліметінше, заңсыз өндіріс жолға қойылған нысанда трансұлттық қылмыстық топтың екі мүшесі ұсталған.

Арнайы операцияны Қарағанды облысы полиция департаментінің есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасы ҰҚК департаменті және прокуратурамен бірлесіп жүргізген.

Тергеу нұсқасына сәйкес, күдіктілер Қазақстан мен көршілес мемлекеттер аумағында есірткі және психотроптық заттарды аса ірі көлемде дайындап, кейін заңсыз сатуды көздеген.

Жедел-тергеу шаралары кезінде 48 және 28 жастағы екі ер адам ұсталды. Полицияның мәліметінше, олардың бірі топтың ұйымдастырушылық мәселелеріне жауап беріп, жаңа қатысушыларды тартқан және олардың әрекетін үйлестірген. Екіншісі зертхананың жұмысын ұйымдастырып, қатысушыларға есірткі мен психотроптық заттарды дайындау тәсілдерін үйреткен.

Зертхананы тінту барысында көлемі 50 тонна болатын өнеркәсіптік цистерна табылды. Оның ішінде шамамен 16 тонна сұйықтық пен пайдаланылған өнім болған. Бұдан бөлек, бір тонналық екі ыдыс, 20 литрлік үш канистр және ұнтақ тәрізді заттардың қалдықтары бар 10 полимер қап тәркіленді.

Цистернадан алынған 10 литрлік сынаманы зерттеу нәтижесінде мефедрон анықталған. Полиция мәліметінше, зерттелген үлгідегі есірткі затының салмағы 1 келі 723 грамды құраған.

Мамандардың алдын ала есебіне сәйкес, зертханадағы өндіріс көлемі дайын мефедрон бойынша 2 тоннаға дейін жетуі мүмкін. Бұл шамамен 2 миллион бір реттік дозаға тең. Құқық қорғау органдары оның заңсыз нарықтағы құнын 40 миллиард теңгеге дейін бағалап отыр.

Ұсталған екі күдікті де қамауға алынды. Қазір сотқа дейінгі тергеу жүріп жатыр. Полиция шикізаттың жеткізілу жолдарын, күдіктілердің байланыстарын және қылмыстық топтың басқа да қатысы бар мүшелерін анықтап жатыр.

Сайт Әкімшілігі