Қоғам

Қарағандыда кәмелетке толмаған қызды зорлаған бес жасөспірім сотталды

Қарағанды облысында кәмелетке толмаған қызды зорлаған бес жасөспірімге қатысты сот үкімі шықты.

Фото: ашық дереккөз

Олардың әрқайсысы 5 жыл 7 ай 15 күнге бас бостандығынан айырылды. Сонымен қатар сотталушылар жәбірленушіге моральдық зиянды өтеу үшін 10 миллион теңге төлеуге міндеттелді.

Қарағанды облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында кәмелетке толмаған К.-ға қатысты жасалған қылмыстық іс қаралды. Сотталушыларға Қылмыстық кодекстің 120-бабы 3-1-бөлігінің 1-тармағы бойынша, яғни дәрменсіз күйдегі адамды адамдар тобының алдын ала сөз байласуы арқылы зорлау айыбы тағылған.

Оқиға қалай болған?

Сот материалдарына сәйкес, оқиға 2025 жылғы 14 ақпанда болған. Сол күні кешкі уақытта кәмелетке толмаған К. құрбысы Е.-мен бірге күзет қызметкерлерін алдап, "Инфинити" түнгі караоке-клубына кірген. Қыздар онда үш сағаттан астам уақыт алкогольдік ішімдік ішкен.

Қатты масайғандықтан әрі осы күйде үйіне қайтуға қорыққан олар куә И.-дің ұсынысымен оның таныстары – К., О., А., Ж. және С.-ның пәтеріне барған.

Сот анықтағандай, пәтерде сотталушылардың бірі – С. жәбірленушіге есін жиғызбау мақсатында химиялық заттың буын иіскеткен. Кейін бес жасөспірім алдын ала сөз байласып, алкогольдік мас күйіне байланысты қарсылық көрсете алмайтын жәбірленушінің дәрменсіз жағдайын пайдаланып, оны зорлаған.

Сотталушылардың кінәсі жәбірленуші мен куәлардың айғақтары, сараптама қорытындылары және қылмыстық іс материалдары арқылы дәлелденген.

Мемлекеттік айыптаушы бес сотталушының барлығын кінәлі деп танып, әрқайсысына 7 жыл 6 ай бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауды ұсынды. Сондай-ақ оларды екі жыл бойы педагогикалық қызметпен айналысу құқығынан айыруды сұрады.

Бұдан бөлек, прокурор 2025 жылғы 23 маусымдағы "Рақымшылық жасау туралы" заңды қолданып, жаза мерзімін қысқартуды өтінген. Осылайша әр сотталушыға түпкілікті 5 жыл 7 ай 15 күн бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауды сұрады.

Жәбірленуші тарап прокурордың ұстанымын қолдап, моральдық зиянды өтеу үшін 100 миллион теңге өндіру туралы азаматтық талап қойған. Ал қорғаушылар сотталушылардың кінәсі дәлелденбегенін алға тартып, оларды ақтауды сұрады.

Сот қандай шешім шығарды?

Қылмыстық кодекстің аталған бабы бойынша ересектерге 15 жылдан 17 жылға дейін бас бостандығынан айыру немесе өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.

Алайда сот қылмыс жасалған кезде бес сотталушының да кәмелетке толмағанын жазаны жеңілдететін мән-жай ретінде ескерді. Ауырлататын мән-жайлар анықталмаған. Сондай-ақ сот кәмелетке толмағандарға жаза тағайындауға қатысты Қылмыстық кодекстің талаптарын басшылыққа алған. Оған сәйкес, бұл санаттағы адамдарға 7 жыл 6 айдан артық мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалмайды.

Сот үкімімен К., О., А., Ж. және С. кінәлі деп танылып, әрқайсысына 7 жыл 6 ай бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Сонымен бірге олар екі жыл мерзімге педагогикалық қызметпен айналысу құқығынан айырылды.

2025 жылғы 23 маусымдағы рақымшылық туралы заңға сәйкес, бас бостандығынан айыру мерзімі қысқартылып, әрқайсысына түпкілікті 5 жыл 7 ай 15 күн жаза белгіленді.

Жәбірленушінің азаматтық талабы ішінара қанағаттандырылды. Сот бес сотталушыдан ортақ тәртіппен моральдық зиянды өтеу үшін 10 миллион теңге өндіріп алу туралы шешім қабылдады.

Сот үкімі әзірге заңды күшіне енген жоқ.

Сайт Әкімшілігі