"Қайрат" бас бапкері чемпиондықтан айырылған соң қызметінен кетті
Алматылық "Қайрат" футбол клубының бас бапкері Рафаэль Уразбахтин өз еркімен қызметінен кетті. Клуб басшылығы оның отставкаға кету туралы шешімін қабылдады.
Қазақстан Премьер-лигасының соңғы ойынында "Қайрат" "Ақтөбемен" тең түсіп, чемпиондық атаққа таласу мүмкіндігінен айырылды. Чемпионаттың аяқталуына бір тур қалғанда алматылық клуб 64 ұпай жинаса, "Ордабасының" еншісінде 68 ұпай бар.
Осылайша, Шымкент клубы басты қарсыласы үшін қолжетпес нәтижеге жетіп, мерзімінен бұрын Қазақстан чемпионы атанды.
"Қайраттың" бас бапкері міндетін уақытша Жора Арутюнян атқарады. Ол бұған дейін "Қайрат-Жастар" жастар командасында жұмыс істеген.
Алматылық клуб оның жетекшілігімен чемпионаттағы соңғы кездесуін Өскеменнің "Алтай" командасына қарсы өткізеді.
Рафаэль Уразбахтин "Қайраттың" негізгі құрамын 2024 жылдың қыркүйегінде тізгіндеген. Оның жетекшілігімен команда алғашқы маусымында-ақ Қазақстан чемпионы атанды.
2025 жылы "Қайрат" Қазақстан Суперкубогын жеңіп алып, чемпиондық атағын қорғады. Сондай-ақ клуб тарихында алғаш рет УЕФА Чемпиондар лигасының негізгі кезеңіне жолдама алды.
Ал биылғы маусымда алматылық команда Конференциялар лигасының негізгі кезеңіне шығып, Қазақстан чемпионатының күміс жүлдесін иеленді.