Сараптама

Қазадан кейінгі жаза: келесі – Қосанов па?

Каспийдегі қайғылы оқиғадан бергі биліктің әрекетіне байыппен назар салсақ, мынадай картина шығады...

Фото ЖИ / JasAlash

Каспийдегі қайғылы оқиғадан бергі биліктің әрекетіне байыппен назар салсақ, мынадай картина шығады: алдымен жаттығуға жауапты кіші әскери қызметкерлер мен әскери-теңіз күштері қолбасшысының бірінші орынбасарын ұстады. Одан соң қорғаныс министрін және оның орынбасарларын қызметінен босатты. Бір аптадан кейін әскери-теңіз күштерінің бас қолбасшысын қамауға алды… 

"Маңғыстау облысында болған қайғылы оқиға Қарулы күштерде қордаланған жүйелі проблемаларды су бетіне шығарды". Бұл сөзді біз емес, ел президенті Қасым-Жомарт Тоқаев құрған Қорғаныс министрлігіне кешенді тексеріс жүргізетін комиссия айтып отыр. Яғни бұған дейін шенділер айтып жүрген "қазақ армиясында бәрі керемет, еш кемшілік жоқ" деген әңгіменің күлі көкке ұшты.

24 қыркүйек күні Каспий теңізінде оқу-жаттығу жиынында 14 сарбаз қаза тауып, қылмыстық іс қозғалған. Осы іс аясында 25 қыркүйекте бес әскери шенді – әскери-теңіз күштері қолбасшысының бірінші орынбасары, екі әскери бөлімнің командирі, теңіз жаяу әскері ротасының және "Қайсар" қатерінің командирі ұсталған. Ал 6 қазанда әскери-теңіз күштерінің бұрынғы бас қолбасшысы, 1-дәрежелі капитан Қанат Ниязбеков ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды. Оған "қызметіне салғырт қарады" деген айып тағылып отыр.

Естеріңізде болса, Қанат Ниязбеков 3 қазан күні ҚР Қарулы күштері әскери-теңіз күштерінің бас қолбасшысы лауазымынан босатылған болатын. Онымен бірге ҚР қорғаныс министрінің бірінші орынбасары – ҚР Қарулы күштері бас штабының бастығы Қаныш Әбубәкіров пен ҚР қорғаныс министрінің орынбасары Алмаз Жұмакеев қызметімен қоштасты. Ал қорғаныс министрі Дәурен Қосанов бұлардан сәл ертерек, 27 қыркүйекте қызметтен кеткен. Айтпақшы, 7 қазан күні тағы бір вице-министр Әскер Бейсенов орнын босатты.

Яғни ұсталған шенділердің әскери лауазымы біртіндеп өсіп келе жатыр. Оның үстіне президент өзі құрған комиссия "тексерістің бірінші кезеңінің қорытындысы бойынша мемлекет мүлкін талан-таражға салу, қызметін асыра пайдалану фактілеріне, сондай-ақ Қорғаныс министрлігіне қарасты ұйымдар мен құрылымдық бөлімшелер қызметіндегі басқа да заң бұзушылықтарға қатысты 13 қылмыстық іс қозғалғанын" хабарлады. Демек, қылмыстық қудалау әскери-теңіз күштерінің бас қолбасшысымен шектелмеуі мүмкін. "Мемлекет мүлкін талан-таражға салу", "қызметін асыра пайдалану" сияқты ауыр баптар қорғаныс министрінің орынбасарларын, тіпті министрдің өзін шарпыса, таңғалмаймыз.

Өйткені айдың-күннің аманында 14 боздақтан айырылған халық қатты наразы болып, қорғаныс министрінен тартып, іске қатысы бар тұлғалардың бәрін жауапқа тартуды сұраған. Бұл наразылықты Дәурен Қосановтың армиядағы сарбаз өлімі туралы сұраған журналиске "да вы что" деп күлгені тіпті үдетіп жіберді. Экс-министр негізі бұл "әйгілі" сөзін сәл ертерек айтқан, бірақ Маңғыстаудағы әскерилердің қазасынан кейін әлеуметтік желіде қайта тарап, жұрттың әскери шенділерге деген сынын тіптен өршітті. Көпшілік осы жағдайларды ескере отырып, қылмыстық қудалау органдары бір күні Қосановтың есігін қағуы әбден мүмкін деп санайды.

Кадрлық ауыс-түйістер

Қорғаныс министрлігінің басшылық құрамы түгелге жуық ауысты. Министрдің өзі, бірінші вице-министр, екі вице-министр және қаза тапқан жас сарбаздарға тікелей жауапты әскери-теңіз күштерінің бас қолбасшысы қызметінен кеткенін айттық. Олардың орнына жаңа басшылар тағайындалып үлгерді.

Сонымен, Қосановтың орнына 45 жастағы Айдос Мырзахметов жайғасқан. Мырзахметов 2024 жылы қаңтардан бері Қазақстан қарулы күштеріне қарасты арнайы операция күштеріне жетекшілік етті. Оған дейін мемлекеттік күзет қызметі департаментінің бастығы болған. Биыл мамырда генерал-майор шенін алған. Әр тағайындаудан кейін жаңа басшыны мадақтап, бірге түскен суретін жариялай жөнелетін кей ағайын қайғылы жағдай тұсында да осы әдетінен жаңылған жоқ. 14 сарбаз қаза тауып, ел қара жамылып отырғанда жаңа министрді "КСРО-ның жүйесін көрмеген, керемет көреген басшы" деп мақтай жөнелгендер халыққа ұнай қойған жоқ. Сарапшылар мұндай сәттегі мадақ жаңа министрдің жұрт көңіліндегі имиджіне кері әсер етуі мүмкін екенін айтады.

Ал қорғаныс министрінің бірінші орынбасары – ҚР Қарулы күштері бас штабының бастығы қызметіне Айтқұрман Омарбеков тағайындалды. Ол бұған дейін ҚР Мемлекеттік күзет қызметі бастығының орынбасары – айрықша мақсаттағы күштер қолбасшысы болған.

Сондай-ақ 7 қазан күні Татьяна Савельева қорғаныс министрінің орынбасары лауазымына тағайындалды. Савельева бір күн бұрын Құрылтай депутаты қызметінен кеткен болатын. Оған дейін "Аманат" партиясы атынан Мәжіліс депутаты болған. Ал 2016-2023 жылдары қаржы вице-министрі қызметін атқарған. Соған қарағанда, Савельева Қорғаныс министрлігінде экономика және қаржы мәселелеріне жауапты болып, Әскер Бейсеновтің орнын басатын сияқты.

Комиссия нені анықтады?

26 қыркүйекте Тоқаев Қорғаныс министрлігіне кешенді тексеріс жүргізетін комиссия құрып, 7 күн ішінде жүргізілген жұмыстың алғашқы нәтижесін жариялауды тапсырған. Қауіпсіздік кеңесі төрағасының орынбасары Аида Балаева жетекшілік ететін комиссия 5 қыркүйек кешқұрым Тоқаевқа есеп берді.

Комиссия жұмысы көпшілік көңілінде жүрген көп күдіктің шын екенін көрсетіп берді. "Маңғыстау облысындағы қайғылы оқиға Қарулы күштерде қордаланған жүйелік проблемаларды әшкереледі. Алдын ала тергеу нәтижесі әскери іс-шараларды жоспарлау кезінде өрескел қателіктер жіберілгенін және бұған дейінгі басшылық тарапынан тиісті қадағалау болмағанын көрсетті", – деп мәлімдеді комиссия мүшелері. Сондай-ақ тексерістің бірінші кезеңінің қорытындысы бойынша 13 қылмыстық іс қозғалғаны белгілі болды.

Комиссия Маңғыстаудағы трагедияның мән-жайын зерттеп, оқиғаға не себеп болғанын айтты. "Оқу-жаттығу жиындарын дайындау және жоспарлау кезінде қауіп-қатерді бағалау, десант түсіруді ұйымдастыру және әскерилердің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге қатысты кемшіліктер байқалды. Қолбасшылық құрамның қылмысқа парапар салғырттығы бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жалғасып жатыр. Бес лауазымды тұлға тұтқындалды. Тергеу аяқталған соң олардың әрекетіне түбегейлі құқықтық баға беріледі", – деді комиссия өкілдері.

Тоқаев өз сөзінде қорғаныс саласында кадрлық шешімдер жасағанын, бірақ әскерилердің қазасына кінәлі лауазымды тұлғалардың барлығы заңға сәйкес жауапкершілікке тартылуға тиіс екенін айтты. Әрі бұл мәселені жеке бақылауында ұстайтынын мәлімдеді. Демек, бұған дейін қызметінен босатылған әскери шенділер алдағы уақытта жауапқа тартылуы мүмкін. Бұл жерде де таяқтың бір ұшы Қосановқа тиюі ықтимал.

Комиссия тексеріс барысында әскери тәртіп пен алдын алу жұмыстарында кемшілік көп екенін анықтаған. "Әскерилерге әлімжеттік жасау, жарғыға қайшы әрекет ету фактілері әшкереленіп, қылмыстық істер қозғалды", – деп хабарлады Ақорданың баспасөз қызметі. Демек, комиссия тексерісі бұған дейін жұрт арасында айтылып жүрген "әскерде әлімжеттік бар, "дедовщина" мен ақша жинаудың соңы сарбаз өліміне ұласып жатыр" деген уәждің шын екенін көрсетіп отыр.

Қазақ армиясында жыл сайын бірнеше жауынгер жұмбақ жағдайда қаза табады. Бірақ солардың ешбірінің шынайы себебі ашылған емес. Тергеу басталғанымен, үнемі "өлімге оқыс жағдай немесе ауру-сырқау себеп болды" деген қорытынды шығады. Сондай-ақ сарбаздардың суицид жасауы да шешімін таппай келе жатқан үлкен проблема болатын. Сарапшылар "өрімдей жастың суицид жасауына әскердегі қысым әсер етеді" деп санайды. Бірақ мұндай болжам ешқашан дәлелденген емес.

Айтпақшы, әскерде әлімжеттік бар екенін бұған дейін әскери шенділер мойындаған емес. Дәурен Қосанов бұл мәселені "да вы что" деп мазаққа айналдырғанын айттық. Ал оған дейін бұл мекемені басқарған Руслан Жақсылықов "армияда әлімжеттік мүлде жоқ, сарбаздар суицидінің 99 пайызы отбасылық проблемаға байланысты" деп тұжырым жасаған. Ел арасында "мақалшыл министр" атанған Жақсылықов 99 пайыз деген статистиканы қайдан алғанын сол күйі түсіндірген жоқ.

Билік армияда әлімжеттік барын ресми мойындады. Енді бұған дейін армияда соққыға жығылған, ауыр жарақат алған, қайтыс болған сарбаздар ісін әділ тергеп, әр іске нақты баға беруі қажет. Әрбір қыршын өлімнің соңында зар жылап ата-ана қалады. Олардың шарқ ұрып, әділдік іздеген әрекетінен ештеңе шыққан емес. "Жас Алаш" газеті әскерге сап-сау бала жіберіп, табытпен күтіп алған талай анамен сөйлесіп, мұңға толы арыздарын жариялаған. Бірақ бұл істердің көбінің шын сыры ашылған жоқ. Сондай аналардың бірі "әскердегі қылмыс ашылмайды" деп үмітсіздік танытқаны да әлі есімізде.

Баласынан айырылған аналар жеке арызынан ештеңе шықпаған соң ақыры жиналып, митинг өткізді. 2025 жылы 10 қарашада бір топ ата-ана Астанадағы үкімет үйіне барып, әскерде жүріп қаза тапқан және мүгедек болып қалған ұлдарының ісін әділ тергеуді, тергеуді бақылайтын арнайы қоғамдық комиссия құруды, ҚР қарулы күштеріне реформа жасауды, әскери бөлімдердегі бейнебақылау жүйесін жаңартуды, жапа шеккендерге әділ өтемақы төлеуді талап еткен. Дәурен Қосанов мұндай кездерде төбе көрсеткен емес. Наразы аналармен жолығуға орынбасарларын немесе департамент бастықтарын жібере салатын. Осының өзі Қосановтың әскердегі жағдайға жүрдім-бардым қарағанын аңғартады. Ақыры сол бейқамдығы өзіне таяқ болып тиіп, қызметінен қуылды.

Тоқаев комиссияға Қорғаныс министрлігінің жаңа басшыларымен бірлесіп, анықталған кемшіліктерді жою жөнінде нақты ұсыныс әзірлеуді бұйырды. Тексеріс нәтижесіне сай Қарулы күштерді реформалау жоспары жасалмақ. Қорғаныс саласына реформа керек екенін елдің бәрі айтып жүрді. Мамандар да, әскерилер де, жоғарыда біз атаған наразы ата-аналар да реформаны талап еткен. Бірақ билік әскерде кемшілік барын мойындамай келді. Каспийдегі сарбаздар өлімінен кейін ғана сең қозғалғандай болып отыр.

Біздің елде президент айтпаса, саусағының ұшын қозғамайтын шенділер көп. Маңғыстаудағы трагедиядан кейін Тоқаев жағдайды жеке бақылауына алатынын айтты. Балаева басқаратын комиссияның жұмысы жалғасып жатыр, олар Қарулы күштерге қандай реформа енгізетіні белгісіз. Бірақ заман талабына сай келетін жаңа тұрпатты армия құру үшін жүйелі жұмыс қажет. Есеп үшін құрылып, статистика үшін жұмыс істейтін ескі әдет ештеңені өзгерте алмайды.

Қуаныш Қаппас

Сайт Әкімшілігі