Live

Қазақстан арқылы 182 млн теңгенің алтынын алып өтпек болған әйел ұсталды

Қырғызстан азаматы Қазақстан арқылы Қытайға жалпы құны 182,3 миллион теңге болатын алты алтын құймасын заңсыз алып өтпек болған.

Фото скриншот

Бағалы металл тәркіленді.

Қадағалау органының мәліметінше, әйел алтын құймаларын Қырғызстаннан сатып алып, "Қордай Авто" өткізу бекеті арқылы Қазақстан аумағына кіргізген. Кейін оларды Қытайға заңсыз алып өтуді жоспарлаған.

Кедендік және шекаралық бақылаудан жасыру үшін ол аяқ киімінің ұлтарағының астына үш-үштен алтын құймасын орналастырған. Алайда "Қорғас" халықаралық шекара маңы ынтымақтастығы орталығы аумағында тексеру кезінде алтын табылып, тәркіленді.

"Бас көлік прокуратурасының өтінішхаты бойынша сот жалпы салмағы 2,8 келі, құрамындағы алтын мөлшері 99 пайыздан асатын, құны 182,3 миллион теңге болатын алты алтын құймасын сотқа дейінгі тәркілеу туралы шешім қабылдады. Алтын мемлекет кірісіне өткізілді. Сот қаулысы заңды күшіне енді. Сотқа дейінгі тергеу жалғасып жатыр", – деп хабарлады прокуратура.

Бұған дейін Шығыс Қазақстан облысында заңсыз алтын өндіруді ұйымдастырған екі ер адамға үкім шыққан еді. Олар жалпы құны 844 миллион теңгеден асатын 15 келіден астам алтын өндіргені үшін кінәлі деп танылған.

Сайт Әкімшілігі
Тегтер: алтын дауы