спорт

Қазақстан Пара Азия ойындарында тағы бес медаль жеңіп алды

Жапонияның Айти префектурасы мен Нагоя қаласында өтіп жатқан Пара Азия ойындарында Қазақстан құрамасының қоржыны тағы бес медальмен толықты.

Фото: Olympic.kz

Парадзюдодан J2 санатында 95 келіге дейінгі салмақта өнер көрсеткен Жанбота Аманжол күміс медаль иеленді.

Садақ атудан W1 санатында сынға түскен Нұршат Төлеуқасым қола жүлдегер атанды. Ол үшінші орын үшін өткен кездесуде Таиланд спортшысы Супхават Самутчайякиджді 6:2 есебімен жеңді.

Ядро итеруден F36 санатында қазақстандық спортшылар екі медаль жеңіп алды. Дастан Мұқашбеков ядроны 15,47 метрге лақтырып, күміс жүлдеге қол жеткізді. Ал Иван Железняк 12,71 метр нәтижемен қола медаль иеленді.

Үстел теннисінен Марат Сұртубаев пен Алтынай Ержанқызы аралас жұптық сында қола жүлдегер атанды. XD20 санатының жартылай финалында қазақстандық жұп Гонконг өкілдері Лам Ян Ю мен Вонг Хон Ламға 0:3 есебімен есе жіберді. Кездесу 7:11, 4:11 және 8:11 есебімен аяқталды.

Осылайша, Қазақстан құрамасының Пара Азия ойындарындағы жалпы жүлде саны 41-ге жетті. Оның 10-ы – алтын, 12-сі – күміс, 19-ы – қола медаль.

 

Сайт Әкімшілігі
Тегтер: паралимпиада