Live

Қазақстан шешен белсендісі Мансұр Мовлаевты Ресейге беруі мүмкін

Қазақстан шешен белсендісі Мансұр Мовлаевты Ресейге беруі мүмкін

Фото: kavkaz-uzel

Алматыда экстрадициялық қамауда отырған шешен белсендісі Мансұр Мовлаевты Ресейге беруге дайындалып жатқаны хабарланды. Бұл туралы Ресейдің Антивоенный комитеті мәлімдеді.

Комитеттің хабарлауынша, 24 қарашада Мансұр Мовлаевке СИЗО-да сәлем-сауқат апарған адамға белсендінің Петропавл қаласына кезең-кезеңімен жеткізілетіні айтылған. Ал Ресейге экстрадициялау рәсімі дәл осы қала арқылы жүзеге асырылуы мүмкін.

Мансұр Мовлаев қазіргі уақытта Алматыдағы тергеу изоляторында экстрадициялық қамауда отыр. Құқық қорғаушылардың мәліметінше, оны Петропавлға ауыстыру Ресейге беру процесінің басталғанын білдіруі ықтимал.

Алайда адвокат Елена Жигаленоктің айтуынша, Мовлаев әлі де Алматыдағы СИЗО-да отыр. Қорғаушының сөзінше, сәлем-сауқат апарған адамның қолына белсендінің Петропавлға жөнелтілетіндер тізіміне енгізілгенін көрсеткен. Бірақ сол күні оны алып кетпеген. Адвокат Ресейге беру қаупі әлі де жоғары екенін айтады.

Мансұр Мовлаев 2025 жылдың мамырында Ресейдің сұрауы бойынша Алматыда ұсталған. Ол Шешенстан билігін сынап, республикадағы жемқорлық пен адамдардың күштеп жоғалып кетуі туралы ақпарат таратқан. Белсендінің қорғаушылары оған тағылған айыптардың саяси астары бар деп есептейді.

2026 жылғы қаңтарда Қазақстан Бас прокуратурасы оны Ресейге экстрадициялау туралы шешім қабылдаған. Ал 23 ақпанда БҰҰ-ның Адам құқықтары жөніндегі комитеті Мовлаевтің шағымы қаралғанға дейін оны Ресейге бермеу туралы шұғыл шара қолданған. Соған қарамастан, 10 қыркүйекте кассациялық сот оның босқын мәртебесін беруден бас тарту туралы шешімді күшінде қалдырды.

Қазіргі уақытта адвокаттары Жоғарғы соттың шешімін күтіп отыр. Құқық қорғаушылар Мовлаев Ресейге қайтарылған жағдайда азаптау мен өзге де қатыгездікке ұшырауы, тіпті өміріне қауіп төнуі мүмкін деп алаңдайды

Сайт Әкімшілігі