Қоғам

Қазақстан Ташкенттегі ауаның ластануына қатысты айыптауларды ғылыми деректермен жоққа шығарды

Қазақстан Ташкенттегі ауаның ластануына ел аумағынан тараған шаң себеп болды деген тұжырымды растайтын ғылыми дәлел таппады.

Фото Canva

"Қазгидромет" мамандарының зерттеуі ауаның негізінен оңтүстік-батыстан, яғни Иран, Қызылқұм шөлі мен Өзбекстанның оңтүстік-батыс өңірлері жағынан келгенін көрсетті.

Мамандар 15-22 қараша аралығында Ташкент, Сарыағаш және Шымкент маңындағы ауа массаларының қозғалысын зерттеген. NOAA HYSPLIT моделі арқылы жасалған кері траектория есептеулері Қазақстан аумағынан Ташкентке тікелей ауа ағыны жеткенін растамаған.

Сонымен қатар "Қазгидромет" 2015-2025 жылдардағы метеорологиялық мәліметтерді талдаған. Зерттеу нәтижесіне сәйкес, Сарыағаш маңынан Ташкентке қарай ауа ағындары небәрі 3-5 пайыз жағдайда ғана байқалады.

Ведомство PM-10 және PM-2.5 ұсақ бөлшектерінің Ташкенттегі мөлшерінің артуына Қазақстан аумағы себеп болды деуге ғылыми негіз жеткіліксіз екенін мәлімдеді. Мамандар Өзбекстан астанасындағы ауаның ластануына көлік, жылыту жүйелері, өнеркәсіп пен құрылыс нысандары сияқты жергілікті факторлар әсер етуі мүмкін екенін де атап өтті.

Бұл мәселе екі елдің қауіпсіздік кеңестері деңгейінде де талқыланған. Аталған деректер 2-3 қарашада Шымкентте өткен Қазақстан мен Өзбекстан қауіпсіздік кеңестері өкілдерінің кездесуінде пайдаланылған. Өзбекстан тарапынан кездесуге Виктор Махмудов қатысқан.

"Қазгидромет" зерттеу қорытындылары әл-Фараби атындағы ҚазҰУ, Росгидромет және Белгидромет сарапшыларының тұжырымдарымен де расталғанын хабарлады. Ведомствоның пікірінше, Ташкент ауасының ластануын Қазақстанмен байланыстыратын мәлімдемелер жеткілікті ғылыми дәлелге сүйенбейді.

Сайт Әкімшілігі