Live

Қазақстанда 16 жасқа толмаған балалардың әлеуметтік желідегі аккаунттары өшірілуі мүмкін

Қазақстанда 16 жасқа толмаған балалардың әлеуметтік желідегі аккаунттары өшірілуі мүмкін

Фото: Getty images

Қазақстанда 16 жасқа толмаған балалардың әлеуметтік желілердегі бұрыннан ашылған аккаунттары жаңа талаптарға сәйкес тексеруден өтпесе, бұғатталуы немесе жойылуы мүмкін. Бұл туралы мәдениет және ақпарат министрі Арман Қырықбаев мәлімдеді.

Министрдің айтуынша, қазіргі уақытта бұл мәселе талқыланып жатыр. Жаңа талаптар күшіне енген жағдайда әлеуметтік желілерде бұрыннан тіркелген аккаунттар да верификациядан өтуі қажет болуы мүмкін.

"Бұл – қазір талқылап жатқан мәселеміз. Ең алдымен, бұрын ашылған барлық аккаунт жаңа реттеуші талаптарға сәйкес верификациядан өтуі керек деп ойлаймын. Ол үшін белгілі бір мерзім қарастырылатын шығар. Біз бұл мәселені талқыладық. Аккаунттарды жою ең қатаң шара болуы мүмкін, өйткені бұған дейін мұндай шектеулер болған жоқ", – деді Қырықбаев сәрсенбі күні Құрылтайдағы брифингте.

Министр ведомствоның негізгі ұстанымы жаңа талаптарға көшу процесін барынша бірқалыпты ұйымдастырып, азаматтарға елеулі қиындық туғызбау екенін атап өтті.

"Қалай болғанда да, бұл талапты енгізуге және верификация жүргізуге белгілі бір уақыт қажет болады. Сондықтан жұмыс тобы аясында заң күшіне енгеннен кейін оны жүзеге асыру тетіктерін талқылаймыз. Менің ойымша, нақты іс-қимыл тәртібін әлі анықтау керек", – деді министр.

Журналистер министрден әлеуметтік желілерде бұрыннан аккаунты бар 16 жасқа толмаған балалардың парақшалары жойыла ма деп сұрады.

"Иә, жойылады", – деп жауап берді Арман Қырықбаев.

Сондай-ақ министр аккаунтты басқа адамның атына қайта тіркеуге рұқсат берілмейтінін айтты.

Еске салайық, бұған дейін Құрылтай Қазақстанда 16 жасқа толмаған балалардың әлеуметтік желілерге тіркелуіне тыйым салуды көздейтін заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдаған болатын.

Әзірге жаңа талаптарды іске асырудың нақты тәртібі мен мерзімі белгіленген жоқ. Бұл мәселелер заң қабылданғаннан кейін жұмыс тобы аясында нақтыланады.

Сайт Әкімшілігі