Қазақстанда 23 мың iPhone бұғатталуы мүмкін
Қазақстанда верификациядан өтпеген 23 мыңға жуық жаңа iPhone "қара тізімге" еніп, бұғатталуы мүмкін.
Бұл туралы Телекоммуникациялар комитетінің төрағасы Дамир Сейсембеков мәлімдеді.
Оның айтуынша, қыркүйектің соңынан қазан айына дейін, iPhone 18 таныстырылғаннан кейін, Қазақстанда 279 мың жаңа смартфон желіге тіркелген. Оның 85%-ы ел ішінде сатып алынып, верификациядан сәтті өткен.
Алайда тексеру барысында күдік тудырған өтінімдер анықталған. Атап айтқанда, бір IP-мекенжай арқылы мыңдаған телефонды тіркеуге өтінім берілген. Қазір бұл жағдайларды құзырлы органдар тексеріп жатыр. Сейсембековтің сөзінше, аталған құрылғылар Қазақстанға "сұр" дилерлер арқылы немесе шетелден әкелінуі мүмкін.
Смартфон иелеріне верификациядан өту үшін 30 күн беріледі. Осы мерзім аяқталғаннан кейін тексеруден өтпеген құрылғылар "қара тізімге" енгізіліп, байланыс желісінен бұғатталады.
Сондай-ақ Сейсембеков қолданысқа енген заңнамалық түзетулерге сәйкес, қазақстандықтар верификациядан өтпеген телефонды кез келген уақытта сатушыға қайтара алатынын еске салды. Ал сатушылар тек верификациядан өткен смартфондарды сатуға міндетті.