Live

Қазақстанда әскерге бармаған азаматтарға әскери билет берілмейді

Қазақстанда әскери билеттерді беру және азаматтарды әскери есепке алу тәртібі өзгерді.

Фото ашық дереккөз

 Жаңа ережеге сәйкес, әскери қызмет өткермеген азаматтарға бейбіт уақытта әскери билет берілмейді.

Тиісті бұйрыққа Қазақстанның қорғаныс министрі қол қойған. Құжатта әскери міндетті азаматтарды есепке алу, әскери билет беру және мемлекеттік қызмет көрсету тәртібі нақтыланған.

Жаңа ережеге сәйкес, бейбіт уақытта әскери билет әскери қызметке немесе жиындарға шақырылғандарға, әскери және арнаулы оқу орындарына қабылданғандарға, әскери даярлық бағдарламаларын аяқтағандарға, сондай-ақ запастағы офицерлер мен сержанттарды даярлау курсынан өткен азаматтарға беріледі.

Бұдан бөлек, әскери қызметтен босатылғандар, бас бостандығынан айыру орындарынан шыққандар және бұрын шетелде әскери қызмет өткеріп, кейін Қазақстан азаматтығын алғандар да әскери билет ала алады.

Ал әскерде болмаған, жоғары оқу орындарының әскери кафедрасында оқымаған және арнайы әскери даярлықтан өтпеген азаматтарға бейбіт уақытта әскери билет берілмейді.

Олар бұл құжатты тек жұмылдыру жарияланған, соғыс жағдайы енгізілген немесе соғыс уақытында ала алады.

Өзгерістер әскери құжаттарды рәсімдеу тәртібіне де қатысты. Мәселен, азаматтың аты-жөні, туған күні немесе туған жері өзгерсе, оған SMS арқылы немесе eGov порталындағы жеке кабинетіне хабарлама жіберіледі. Азамат жеке өтініш білдірген жағдайда құжаттағы мәліметтер бір сағат ішінде жаңартылады.

Сондай-ақ әскери билет немесе оның телнұсқасын рәсімдеу кезінде құжаттардан қате анықталса, оны түзетуге үш жұмыс күні беріледі. Ал әскери есепке қою туралы өтініштегі кемшіліктерді жою үшін екі жұмыс күні қарастырылған.

Егер азаматтың әскери қызмет өткергені туралы мәліметтер мемлекеттік ақпараттық жүйеде болмаса, әскери басқару органдары архивтерге сұрау жолдайды. Мұндай жағдайда қызмет көрсету мерзімі 90 жұмыс күніне дейін ұзартылуы мүмкін.

Бұйрықта әскерге шақыруды кейінге қалдыру, әскери қызметтен босату және әскери-техникалық мамандықтар бойынша даярлау тәртібіне де өзгерістер енгізілген.

Жаңа ережелер 2026 жылғы 14 қарашадан бастап күшіне енеді.

Сайт Әкімшілігі
Тегтер: әскери билет