Live

Қазақстанда әскери қылмыс көбейді: 8 айда 261 факт тіркелген

Қазақстанда әскери қылмыстар саны айтарлықтай өсіп отыр.

Фото: ашық дереккөз

Бас прокуратураның Құқықтық статистика және арнайы есепке алу комитетінің дерегінше, 2026 жылдың қаңтар-тамыз айларында 261 әскери қылмыс тіркелген. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 1,5 есе көп.

Finprom сарапшыларының мәліметінше, әскери қылмыс саны 2023 жылдан бері жыл сайын артып келеді. Биылғы сегіз айдағы көрсеткіш 2020 жылдан бергі ең жоғары деңгейге жеткен. Оның үстіне, 261 факт кейбір толық жылдардағы көрсеткіштен де асып отыр.

Әскери қызмет өткеру тәртібін бұзу, соның ішінде жарғылық емес қарым-қатынас фактілері де көбейген. Қаңтар-шілде айларында мұндай 74 жағдай тіркеліп, бір жылда 37%-ға артқан. Бұл айына орта есеппен 10-нан астам қылмыстық іске тең.

Билікті асыра пайдалану фактілері де шамамен 80%-ға өсіп, 49-дан 88-ге жеткен. Бұдан бөлек, қызметке салғырт қараудың 16, ішкі қызмет атқару немесе патрульдеу ережелерін бұзудың сегіз, билікті теріс пайдаланудың бес және биліктің әрекетсіздігінің екі фактісі анықталған.

2026 жылдың алғашқы сегіз айында әскери қылмыстардан 363 адам зардап шекті. Бұл 2025 жылдың сәйкес кезеңінен 2,5 есе көп әрі 2020 жылдан бергі ең жоғары көрсеткіш.

Жәбірленушілер арасында 20 жасқа толмаған жастардың үлесі ерекше жоғары. 2020 жылы мұндай 42 адам тіркелсе, биыл сегіз айдың өзінде олардың саны 256-ға жеткен. Бұл барлық жәбірленушілердің 70,5%-ын құрайды.

Ресми статистика қылмыс салдарынан қаза тапқандардың санын емес, өлімге әкелген қылмыстардың санын көрсетеді. 2026 жылдың сегіз айында осындай сегіз жағдай тіркелген. Каспийдегі қайғылы оқиғаны қосқанда, көрсеткіш тоғызға жетеді.

2026 жылдың қаңтар-шілде айларында алты әскери қызметші өз-өзіне қол жұмсаған. Оның үшеуі келісімшарт бойынша, тағы үшеуі мерзімді әскери қызметте болған.

📌Бұл алты жағдайдың ешқайсысында ресми себеп анықталмаған. Сонымен қатар үш әскери қызметші суицид жасауға әрекет еткен. Олардың істерінде жалғыздық, ауыр материалдық жағдай және отбасылық жанжал себеп ретінде көрсетілген.

Сайт Әкімшілігі