Қазақстанда мемлекеттік қызметкерлерді есірткіге тексерудің жаңа тәртібі күшіне енді
Қазақстанда мемлекеттік қызметкерлерді есірткіге тексерудің жаңа тәртібі күшіне енді
Бүгін, 29 қарашада Қазақстанда мемлекеттік қызметкерлерді есірткі және психотроптық заттарды тұтыну дерегіне тексерудің жаңа тәртібі күшіне енді.
Тиісті бірлескен бұйрықты Денсаулық сақтау министрлігі мен Мемлекеттік қызмет істері агенттігі бекіткен.
Жаңа қағидаға сәйкес, мемлекеттік қызметшілердің есірткі тұтыну белгілерін анықтаумен кадр қызметі мен олардың тікелей басшылары айналысады.
Есірткі тұтынудың ықтимал белгілері ретінде мыналар көрсетілген:
мінез-құлықтың күрт өзгеруі;
жұмысқа жиі кешігу немесе себепсіз келмеу;
денедегі ине іздері;
сөйлеу және қимыл-қозғалыс үйлесімінің бұзылуы;
мазасыздық пен галлюцинациялар.
Кадр қызметі әртүрлі топқа жататын кемінде үш белгіні анықтаған жағдайда мемлекеттік органның басшысына хабарлауға міндетті. Басшы бір жұмыс күні ішінде шешім қабылдауы керек.
Одан кейін кадр қызметі 48 сағат ішінде медициналық тексеруге жолдама рәсімдейді. Мемлекеттік қызметші жолдаманы алған күннен бастап екі жұмыс күні ішінде тексеруден өтуге тиіс.
Есірткі тұтынғаны расталса, тиісті материалдар Мемлекеттік қызмет істері агенттігіне және полицияға жіберіледі. Сонымен қатар қызметкерді тәртіптік жауапкершілікке тарту мәселесі қаралады.
Ал медициналық тексеруден бас тартқан немесе жалтарған жағдайда бұл дерек тіркеліп, қызметкердің жеке ісіне енгізіледі.
Айта кетейік, бұған дейін басшылық лауазымдарды атқаратын және арнайы тізімге енгізілген мемлекеттік қызметшілерді жыл сайын міндетті түрде есірткіге тексеру көзделген болатын. Жаңа қағида осы тізімге кірмейтін мемлекеттік қызметшілерді тексеруге жіберу тәртібін айқындайды.