Әлеумет

Қазақстандық журналистер Құрылтайдағы шектеулерді алып тастауды талап етті

Қазақстандық журналистер Құрылтай төрағасы Айбек Дәдебайға ұжымдық хат жолдап, бұқаралық ақпарат құралдарының жұмысына қойылған шектеулерді қайта қарауды талап етті.

Фото: shutterstock.com

 Бұл туралы BES.media хабарлады.

20 қазанда жолданған хатта журналистер брифинг кезінде күн тәртібіне қатысы жоқ сұрақ қоюға тыйым салатын норманы өзгерту қажеттігін көтерген.

Қолданыстағы тәртіп бойынша журналист брифинг тақырыбынан тыс сұрақ қойғаны үшін ескерту алуы мүмкін. Ал ережені қайталап бұзған жағдайда алты айға дейін аккредитациясынан айырылу қаупі бар.

Журналистер мұндай шектеулер қоғам үшін маңызды мәселелер бойынша депутаттардан жауап алуға кедергі келтіретінін айтып отыр.

Бұған дейін, 30 қыркүйекте Ulysmedia журналисі Әсем Ғұмарова Құрылтайдағы брифингте Каспийдегі оқу-жаттығу кезінде қаза тапқан әскери қызметкерлердің отбасыларына жиналған қаражат туралы сұрақ қойған. Кейін редакцияға журналистің сұрағы брифинг тақырыбына сәйкес келмегені жөнінде ескерту жіберілген.

Осы оқиғадан кейін журналистер аккредитация ережелерін қайта қарау мәселесін көтерді.

Ұжымдық хат авторлары тақырыптан тыс сұрақ қоюға қатысты шектеуді өзгертумен қатар, журналистерге ескерту беру тәртібін ашық етуді және мұндай шешімдерге шағымдану механизмін енгізуді талап еткен.

БАҚ мәліметінше, үндеуге 39-40 журналист қол қойған. Әртүрлі басылымдарда қол қоюшылар санына қатысты деректер әртүрлі көрсетілген.

Әзірге Құрылтай басшылығының журналистер талабына қатысты ресми жауабы туралы ақпарат жоқ.

Сайт Әкімшілігі