Live

Қазақстандықтардың жартысына жуығы саясатқа қызықпайды: азаматтық белсенділік деңгейі қандай?

Қазақстандықтардың жартысына жуығы саясатқа қызықпайды: азаматтық белсенділік деңгейі қандай?

Фото: из открытых источников

Қазақстан тұрғындарының 52,4 пайызы елдегі қоғамдық-саяси оқиғаларға қызығушылық танытады. Алайда азаматтардың жартысына жуығы саяси процестерге мүлдем қатыспайды. Сонымен қатар респонденттердің едәуір бөлігі мемлекеттік шешімдерге ықпал ете алатынына сенбейді. Бұл DEMOSCOPE қоғамдық пікірге жедел мониторинг жүргізу бюросының зерттеуінде анықталған.

Қазақстандықтар саясатқа қаншалықты қызығады?

Сауалнама биылғы 5-27 қазан аралығында жүргізілген. Оны MediaNet Халықаралық журналистика орталығы PAPERLAB зерттеу орталығымен бірлесіп, Конрад Аденауэр атындағы қордың қолдауымен ұйымдастырған.

Зерттеу нәтижесіне сәйкес, сауалнамаға қатысқандардың 52,4 пайызы елдегі қоғамдық-саяси оқиғаларға қызығатынын айтқан. Ал 44,3 пайызы саяси жағдайды бақыламайтынын жеткізген.

Дегенмен саясатқа қызығушылық таныту азаматтардың мемлекеттік шешімдерге ықпал ете алатынына сенетінін білдірмейді. Респонденттердің 44,7 пайызы мұндай мүмкіндіктерге сенбейді. Оның ішінде 28,4 пайызы мүлдем сенбейтінін айтқан. Ал 48,2 пайызы саяси процестерге ықпал етуге болады деп есептейді.

Азаматтар қоғамдық-саяси өмірге қаншалықты араласады?

Соңғы 12 айдағы белсенділік түрлерінің арасында сайлау мен референдумға қатысу алдыңғы орында тұр. Сауалнамаға қатысқандардың 44,7 пайызы дауыс берген.

Ал мемлекеттік органдармен байланыс орнатудың өзге тәсілдерін пайдаланғандар аз:
🔺9,6 пайызы мемлекеттік органдарға, соның ішінде e-Otinish арқылы өтініш жолдаған;
🔺2,8 пайызы e-Petition платформасындағы петицияларға қол қойған;
🔺2,2 пайызы БАҚ пен әлеуметтік желілер арқылы мемлекеттік органдарға жүгінген.

Сонымен қатар респонденттердің 48,7 пайызы соңғы бір жылда қоғамдық-саяси процестерге мүлдем қатыспағанын айтқан.

Мемлекеттік шешімдерге келіспеген жағдайда не істейді?

Зерттеушілер азаматтар өздерінің немесе отбасының мүддесіне қайшы келетін мемлекеттік шешім қабылданса, қандай әрекетке баратынын да сұраған.

Респонденттердің 54,5 пайызы мұндай жағдайда ешқандай азаматтық әрекет жасамайтынын жеткізген. Олардың 31 пайызы мұндай қадамдардан нәтиже шықпайды деп санайды.

Ал 40,5 пайызы өз мүддесіне қайшы шешім қабылданса, азаматтық белсенділік танытуға дайын екенін айтқан.

Бұл көрсеткіш жастар арасында жоғары. 18-29 жас аралығындағы азаматтардың 54,2 пайызы өз мүддесіне қайшы шешімге байланысты әрекет етуге дайын екенін білдірген.

Сайт Әкімшілігі