Қазақстанның мұнай қоры 45 жылдан астам уақытқа жетуі мүмкін
"ҚазМұнайГаз" ұлттық компаниясының басқарма төрағасы Асхат Хасенов Қазақстандағы мұнай қорының көлемі мен оның қанша жылға жететінін айтты.
Оның сөзінше, қазіргі уақытта ҚМГ-ның расталған мұнай қоры 785 миллион тоннаны құрайды. Бұл көрсеткішке компанияның өзі игеріп жатқан кен орындары мен бірлескен кәсіпорындардың қоры да кіреді.
Асхат Хасеновтің айтуынша, мұнай қорының жалпы көлемін шамамен 800 миллион тонна деп есептегенде, ол 45 жылдан астам уақытқа жетеді.
Сонымен қатар компания басшысы бұл мерзім аяқталған соң Қазақстанда мұнай қоры таусылады дегенді білдірмейтінін атап өтті. Себебі геологиялық барлау жұмыстары тұрақты жүргізіліп, жаңа кен орындары мен мұнай көздері анықталған сайын қор көлемі де артып отырады.
Яғни, мұнай қоры үнемі жаңартылып, толықтырылып отырады.