Live

"Қазатомөнеркәсіпте" басшылар ұсталды: олар Жақыповтың сыбайластары болуы мүмкін

"Қазатомөнеркәсіп" ҰАК" АҚ басқарма мүшесі Қуаныш Омарбеков пен басқа да адамдар ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды. Бұл туралы Ұлттық қауіпсіздік комитеті хабарлады.

Фото: kazatomprom.kz

ҰҚК мәліметінше, олар "Самұрық-Қазынаның" бұрынғы басшылығы ұйымдастырған сыбайлас жемқорлық схемасына қатысы бар деген күдікке ілінген.

"23 қарашада ҰҚК Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл қызметі "Қазатомөнеркәсіп" ҰАК" АҚ Басқарма мүшесі Қ. Омарбековті және басқа да адамдарды ұстап, уақытша ұстау изоляторына қамады. Олар "Самұрық-Қазынаның" бұрынғы басшылығы ұйымдастырған сыбайлас жемқорлық схемасына қатысы бар деген күдікке ілінді", – делінген ресми хабарламада.

Қазір Қылмыстық кодекстің 367-бабы 4-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізіліп жатыр. Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабына сәйкес, тергеуге қатысты өзге ақпарат жария етілмейді.

Ал компания өндіріс жөніндегі бас директор әрі басқарма мүшесі Қуаныш Омарбековке қатысты ҰҚК тергеу бастағанын растады. Қазір компания құқық қорғау органдарымен ынтымақтасып, тергеуге қажетті көмек көрсетіп жатқанын мәлімдеді.

"Қазатомөнеркәсіп" жұмысын штаттық режимде жалғастырып жатқанын атап өтті. Компанияның 2026 жылға арналған өндірістік және қаржылық болжамдары, сондай-ақ даму стратегиясы өзгеріссіз қалады.

Сайт Әкімшілігі