Live

Қонаевта шетелдік әйел зорланғанын мәлімдеді: полиция өз қызметкерлерінің қатысы барын жоққа шығарды

Қонаевта 28 жастағы шетелдік әйелдің зорлау туралы арызы бойынша қылмыстық іс қозғалып, екі ер адам ұсталды.

Фото: ашық дереккөз

Алматы облысының полиция департаменті күдіктілердің полиция қызметкерлері екені туралы ақпаратты жоққа шығарды.

Бұған дейін Threads әлеуметтік желісінде әйелдің өзін жергілікті полиция қызметкерлері топтасып зорлағанын айтқаны туралы жазба тараған. Жазбада оны арызды біреудің айтуымен жазуға мәжбүрлегені және кейін пәтерін бақылағаны жөнінде де айтылған. Бұл мәліметтер әзірге тәуелсіз расталған жоқ. 

Полиция департаментінің хабарлауынша, бастапқы тергеу және жедел іздестіру шаралары барысында әйел арызында көрсеткен екі ер адам анықталып, ұсталған. Күдіктілер уақытша ұстау изоляторына қамалды.

Ведомство ұсталғандардың полиция қызметкерлері емес екенін мәлімдеді. Сонымен қатар арыздағы барлық уәж бен оқиғаның мән-жайы тексеріліп, құқықтық баға берілетінін хабарлады.

Тергеу Алматы облысы полиция департаментінің тергеу басқармасына тапсырылған. Өзге ақпарат тергеу мүддесіне байланысты жарияланбады. 

Сайт Әкімшілігі