Әлеумет

Қорғаныс министрлігі Айнар Ахметовке қатысты түсініктеме берді

Каспий теңізіндегі әскери оқу-жаттығудан кейін Батыс Қазақстан облысының тумасы, № 29011 әскери бөлімінің матросы Айнар Ахметовтің туыстары оның жағдайына алаңдап отыр.

Фото: gov.kz

Олар сарбаздың аман екенін білгенімен, онымен толыққанды байланыса алмай отырғанын айтады. Ал Қорғаныс министрлігі бұған қатысты түсініктеме берді.

Дәметкен Сүлейменова әлеуметтік желідегі жазбасында Айнар Ахметовтің 24 қыркүйекте Каспийде болған оқу-жаттығуға қатысқанын мәлімдеді. Оның айтуынша, сарбаз апат кезінде өз күшімен жағаға жетіп, жанындағы әскери қызметшіге көмектесуге тырысқан, алайда оны алып шыға алмаған. 

Туыстарының алаңдауына тағы бір жағдай себеп болған. Сүлейменованың сөзінше, отбасы Айнармен байланыса алмай отыр. Тек оның кіші қарындасы сарбазбен 1-2 минут сөйлескен. Қарындасы сол кезде Айнардың даусы дірілдеп, ойын дұрыс жеткізе алмай тұрғандай әсер қалдырғанын айтқан. 

Осыдан кейін отбасы: егер Айнар теңізден өз күшімен аман шықса, неге оның аты аман қалған сарбаздардың арасында аталмады және қазір онымен неге еркін байланысу мүмкін емес? деген сауал көтерді.

Қорғаныс министрлігі не дейді?

28 қыркүйекте Қорғаныс министрлігінің Айнар Ахметовке қатысты түсіндірмесі жарияланды. Ведомствоның мәліметінше, мерзімді қызметтегі матростар Айнар Асхатұлы Ахметов пен А. А. Мағауия апат кезінде теңізге ағып кеткен әскери қызметшілер қатарында болмаған.

Министрлік екі сарбаздың оқу-жаттығу кезінде жағалауда оқу тапсырмаларын орындағанын және қазір әскери бөлімде қызметін жалғастырып жатқанын мәлімдеген. Сондықтан Айнар Ахметов теңізден аман қалған үш әскери қызметшінің ресми тізіміне кірмеген.

Айта кетейік, 24 қыркүйекте Каспий теңізінде өткен әскери оқу-жаттығу кезінде қайғылы оқиға болды. Ресми мәлімет бойынша, теңізге 17 сарбаз суға батып кетіп, олардың үшеуі аман қалған. 14 әскери қызметші қаза тапты. Осыған байланысты 25 қыркүйек Қазақстанда жалпыұлттық аза тұту күні болып жарияланды. 27 қыркүйекте президент Қасым-Жомарт Тоқаев қаза тапқан әскери қызметшілерді мемлекеттік наградалармен марапаттау туралы жарлыққа қол қойды.

27 қыркүйекте президент Қасым-Жомарт Тоқаев Каспийдегі оқиға кезінде ерлік көрсеткен үш әскери қызметшіні "Ерлігі үшін" медалімен марапаттады. Олар – № 29011 әскери бөлімінің матростары Бекет Қуандық пен Ақжол Темірхан және санитариялық нұсқаушы Никита Удалов. 

 

Сайт Әкімшілігі