Ресей Арменияға газ жеткізуді тоқтатуы мүмкін
Ресей Арменияның Еуропалық Одақпен жақындасу саясаты жалғаса берсе, Ереванға газ, мұнай өнімдері мен өңделмеген алмаздарды кедендік бажсыз жеткізу туралы келісімді бұзуы мүмкін.
Бұл туралы «Коммерсант» басылымы Ресей энергетика министрі Сергей Цивилевтің Арменияның аумақтық басқару және инфрақұрылым министрлігіне жолдаған хатына сілтеме жасап хабарлады.
Мәліметке сәйкес, бажсыз жеткізу режимі 2013 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Алайда Мәскеу Арменияның Еуропалық Одақпен ынтымақтастықты тереңдетуге бағытталған қадамдары Ресей–Армения арасындағы сауда-экономикалық қатынастарға қауіп төндіріп отырғанын алға тартуда.
«Коммерсант» келтірген үзінділерге қарағанда, Ресей тарапы Арменияның ЕО-ға мүше болуға ұмтылысы екі ел арасындағы жоғары деңгейдегі экономикалық және инвестициялық байланыстарға кері әсер етуі мүмкін екенін мәлімдеген.
2013 жылғы келісімге сәйкес, Ресей Арменияға ішкі тұтынуға қажетті көлемде газ бен мұнай өнімдерін экспорттық бажсыз жеткізіп келген. Сонымен қатар бұл өнімдерді үшінші елдерге қайта экспорттауға тыйым салынған.
Басылым дерегінше, Армения қазір Ресей газына толықтай дерлік тәуелді. Мұнай өнімдерінің негізгі бөлігі де Ресейден импортталады.
Сол күні Ресей Мемлекеттік думасы төрағасының орынбасары Пётр Толстой да Армения Ресейдің стратегиялық одақтасы мәртебесінен айырылса, армян азаматтарына Ресейдегі жеңілдетілген еңбек ету және тұру шарттары тоқтатылуы мүмкін екенін айтқан.
Бұған дейін Ресей Армениядан келетін кейбір өнімдерге, соның ішінде шарап, коньяк, көкөніс, жеміс-жидек пен гүлдер импортына шектеулер енгізген болатын.
Ал Владимир Путин Ереван Еуропалық Одақ пен Еуразиялық экономикалық одақтың бірін таңдауы қажет екенін мәлімдеген еді.