Live

Ресей бензин іздеп жатыр: Кремль жанармай сатып алу жөніндегі келіссөздерді растады

Кремль Ресейдің ішкі нарықтағы жағдайды тұрақтандыру үшін шетелден мұнай өнімдерін импорттау мүмкіндігі жөнінде келіссөздер жүргізіп жатқанын ресми түрде растады.

Фото: из открытых источников

Бұл туралы Ресей президентінің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков мәлімдеді.

Кремль өкілінің айтуынша, бұл мәселе бойынша келіссөздер қазірдің өзінде жүріп жатыр.

– Егер қолайлы бағамен келісімге қол жеткізілсе, онда импорт жүзеге асырылады, – деді Песков.

Оның сөзінше, шетелдік жанармайды сатып алу ішкі нарықты тұрақтандыруға және халық арасындағы дүрлігу сұранысын азайтуға бағытталған қосымша қадам болуы мүмкін.

Алайда Кремль өкілі Ресейдің нақты қай мемлекеттермен келіссөз жүргізіп жатқанын нақтылаған жоқ.

Қазақстан мәселесі

Бұған дейін беделді Reuters агенттігі өз дереккөздеріне сілтеме жасап, Ресейдің Қазақстанға ресми түрде өтініш жасағанын хабарлаған еді. Әңгіме ішкі нарықтағы тапшылықты жабу үшін 50 мың тонна АИ-92 маркалы бензинді жеткізу туралы болған.

Еске салсақ, Ресейдің жанармай нарығында негізгі мұнай өңдеу зауыттарының бірқатары зақымданғаннан кейін күрделі жағдай қалыптасты.

Ресей тағы қандай шараларды қарастырып жатыр?

Жанармай нарығындағы жағдай Ресейдің жоғары билігінің бақылауында. Президент Владимир Путин Үкімет мүшелерімен арнайы кеңес өткізіп, оның қорытындысы бойынша отын нарығындағы жағдайды тұрақтандыру үшін жүйелі әрі қатаң шаралар қабылдауды тапсырды.

Ресей премьер-министрінің орынбасары Александр Новактың айтуынша, шетелден жанармай сатып алу – мәселені шешудің бір ғана жолы.

Сонымен қатар Ресей билігі тағы бір қатаң шараны қарастырып жатыр. Атап айтқанда, дизель отынын елден экспорттауға толық тыйым салу мүмкіндігі талқылануда.

Сайт Әкімшілігі