Ресей Қазақстан мұнайын Еуропаға жеткізуді тоқтатпақ
Ресей үкіметі Қазақстан мұнайын Еуропаға жеткізетін негізгі арнаны жабу туралы шешім қабылдады. Бұл бағыт арқылы 2023 жылдан бері Германия, ал 2025 жылдан бастап Венгрия импорт жасап келген еді.
Reuters агенттігінің хабарлауынша, 1 мамырдан бастап Қазақстан мұнайын «Дружба» құбыры арқылы Еуропаға жеткізу тоқтатылады. Қазақстан тарапы бұл туралы Ресейдің «Транснефть» компаниясынан тиісті хабарлама алған. Агенттікке сұхбат берген үш дереккөз жеткізілімнің тоқтатылу себептері ресми түрде түсіндірілмегенін айтты.
«Дружба» құбырынан бөлек, Қазақстан мұнайы Қара теңіздегі Новороссийск порты арқылы да экспортталады. Алайда сәуір айының басында дрон шабуылына ұшырағаннан кейін бұл бағыт төмен қуатта жұмыс істеп тұр.
Өткен жылы Қазақстан «Дружба» арқылы 2,1 миллион тонна мұнай экспорттаған. Бұл мұнайды Германиядағы «Шведт» мұнай өңдеу зауыты сатып алған. Аталған зауыт соғысқа дейін «Роснефтьке» тиесілі болған, алайда Украинаға басып кіруден кейін Германия үкіметі оны бақылауға алып, ресейлік мұнай импортын толық тоқтатқан.
2025 жылдың ақпанында Қазақстан Венгрияға сынақ ретінде мұнай жеткізу туралы келісімге келген. Жылдың екінші жартысында Қазақстан Хорватия арқылы Венгрия нарығына алғашқы 85 мың тонна мұнай экспорттады.
Қазақстан кен орындарынан Германияға «Дружба» арқылы мұнай жеткізу биылғы бірінші тоқсанда екі есе өсіп, 730 мың тоннаға жеткен. Жоспар бойынша, 2026 жылдың соңына қарай бұл көрсеткіш рекордтық 2,5 миллион тонна болуы тиіс еді.
Кремль Еуропа елдеріне мұнай аса қажет болып отырған кезеңде жеткізілімді тоқтату туралы шешім қабылдады. «Трафигура» трейдерлік компаниясының есебінше, Ирандағы соғыс салдарынан әлемдік нарық шамамен 1 миллиард баррель мұнайдан айырылған. Ал Халықаралық энергетика агенттігінің дерегіне сәйкес, Таяу Шығыстан шикізат жеткізудің негізгі жолы – Ормуз бұғазы жабылғаннан кейін әлемдік мұнай жеткізілімі тәулігіне 10 миллион баррельге қысқарған.
Соның салдарынан Еуропада авиациялық жанармай тұтынуды «оңтайландыру» жоспары әзірленіп жатыр. Бұған дейін оның 40 пайызы Ормуз бұғазы арқылы жеткізілетін. Мамыр айында Еуропалық одақта жанармай тапшылығына байланысты ірі әуе компаниялар рейстерді қысқарта бастады.
Атап айтқанда:
Нидерландтың KLM әуе компаниясы 80-ге жуық рейсті тоқтатты;
Германияның Lufthansa компаниясы 40 ұшағын пайдалануды тоқтатуға дайындалып жатыр.