Live

Ресей Литваны ядролық қарумен қорқытты

Егер Литва өз аумағында ядролық қару орналастыруға рұқсат берсе, ел аумағы Ресейдің ядролық қаруының нысанасына айналуы мүмкін.

Фото: ашық дереккөз

 Бұл туралы Ресей президентінің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков мәлімдеді.

Оның сөзінше, Литвада орналастырылуы мүмкін ядролық қару Ресейге бағытталуы ықтимал. Мұндай жағдайда Мәскеу де Литва аумағын ықтимал нысана ретінде қарастырады.

«Егер ел аумағында бізге бағытталған ядролық қару орналасса, тиісінше, сол мемлекеттің аумағы да біздің ядролық қаруымыздың нысанасына алынады», – деді Кремль өкілі.

Песков Литва заңнамасына енгізілуі мүмкін өзгерістерді шиеленісті күшейтетін «өте қауіпті қадам» деп бағалады.

Бұған Литва билігінің Конституциядан жаппай қырып-жою қаруын және шетелдік әскери базаларды ел аумағында орналастыруға тыйым салатын норманы алып тастау ниеті себеп болған.

Конституциялық түзетулерді қабылдау үшін парламентте екі рет дауыс беру өткізіліп, әр жолы депутаттардың кемінде үштен екісі қолдауы қажет.

Сонымен бірге Литва президенті Гитанас Науседа бұған дейін елде ядролық қару орналастыру жөнінде әзірге нақты жоспар жоғын айтқан. Оның түсіндіруінше, конституциялық тыйымды алып тастау қауіпсіздік жағдайы өзгерген жағдайда мемлекетке көбірек мүмкіндік беру үшін қажет.

Литва – НАТО мүшесі. Ел Ресейдің Калининград облысымен және Беларусьпен шектеседі.

Сайт Әкімшілігі
Тегтер: Литва