Әлеумет

Ресейде алданған қазақстандықтарды қайтару ісі Президентке жолданды

Астанада Ресейге жұмыс істеуге барып, кейін соғыс аймағына тап болған қазақстандықтардың туыстары Сыртқы істер министрлігіне жиналды.

Фото ЖИ / JasAlash

Олар жақындарын шұғыл түрде елге қайтаруды сұрап отыр.

Туыстарымен бірге СІМ-ге заңгер Мейірман Шекеев те барған. Оның айтуынша, қазір өзіне белгілі кемінде 21 қазақстандық осындай жағдайда жүр. Олардың басым бөлігі Луганск аумағында болуы мүмкін, ал екеуі ұрыс аймағына жіберілген. Бұл санды СІМ ресми статистика ретінде әзірге растаған жоқ.

Шекеевтің сөзінше, жиналғандарды Сыртқы істер министрлігінің өкілдері қабылдап, туыстарының талап-тілектері мен ұсыныстарын тыңдаған. Жақындары Ресейдегі азаматтардың қауіпсіздігіне алаңдап, оларды соғысқа жібермей тұрып елге қайтаруды талап етіп отыр.

Бұған дейін бір топ қазақстандық видеоүндеу жариялап, Ресейге жұмыс істеуге барғандарын, алайда кейін әскери құрылымдарға тартылғандарын мәлімдеген. Олардың айтуынша, кейбіріне күзетші болып жұмыс істеу ұсынылған, ал кейін әскери келісімшартқа қол қойғаны айтылып, соғысқа барудан бас тартқан жағдайда қылмыстық жауапкершілікпен қорқытқан. Жігіттер Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтан, СІМ мен басқа да мемлекеттік органдардан көмек сұрады. 

Қазақстан Сыртқы істер министрлігі 7 қазанда бұл азаматтарды елге қайтару бойынша келіссөздер жүріп жатқанын хабарлады. Ведомствоға өтініштер әлі де түсіп жатыр. Әр азамат бойынша мәлімет тексеріліп, қорытынды тізім Ресей тарапына жіберілмек. 

"Жас Алаш" Айнабек Келдібектің оқиғасын бұған дейін жазған

Осы азаматтардың арасында 20 жастағы шымкенттік Айнабек Келдібек те бар. "Жас Алаш" бұған дейін Айнабектің оқиғасын арнайы зерттеп жазған. Оның анасы Перизат Елеусізова мен әпкесі Сымбат Еркінбек редакцияға хабарласып, Айнабекті елге қайтаруға көмектесуді сұраған.

Туыстарының айтуынша, Айнабек жақында ғана Қазақстанда мерзімді әскери борышын өтеп келген. 27 тамызда досымен бірге Ресейге табыс табуға кеткен. Оған бастапқыда күзет саласында жұмыс ұсынылған. Алайда орыс тілін жетік білмейтін Айнабек өзіне берілген құжаттарға қол қойғаннан кейін ғана соғысқа жіберілетінін білгенін айтқан. Бас тартса, "15 жылға сотталасың" деп қорқытқанын туыстарына жеткізген. 

Айнабектің анасы "Жас Алашқа" ұлының жанында өзі сияқты тағы сегіз Қазақстан азаматы болғанын айтқан. Кейін олардың бір тобы видеоүндеу жасап, "біз соғысқымыз келмейді" деп Қазақстан билігінен көмек сұрады. 6 қазанда тараған жаңа үндеуде жігіттер уақыттың аз қалғанын айтып, оларды соғысқа біртіндеп жібере бастағанын мәлімдеді. 

Қазақстан СІМ бұған дейін Ресей тарапына азаматтарды елге қайтаруға жәрдемдесу мәселесі бойынша дипломатиялық нота жолдаған. Қазақстан мен Ресей өкілдері соғыс аймағында қалған азаматтарды Отанына қайтару жөніндегі бірлескен іс-қимылдарды әзірлеуге келіскен.

 

Сайт Әкімшілігі