Ресейде бензин сатуға қойылатын шектеулер кеңейіп жатыр
Ресейде жанармай тапшылығы мәселесі барған сайын ушығып келеді. Украина тарапынан мұнай өңдеу зауыттары мен мұнай базаларына жасалып жатқан дрон шабуылдарының салдарынан елдің көптеген өңірлерінде бензин мен дизель отынын сатуға шектеулер енгізілуде.
23 маусымнан бастап Воронеж облысындағы «Лукойл» жанармай құю бекеттерінде отын сату лимиттелді. Енді Воронеж қаласында бір көлікке бір мезетте ең көбі 30 литр бензин және 60 литр дизель құюға болады. Ал тасжол бойындағы бекеттерде лимит 60 литр бензин және 200 литр дизель болып белгіленді.
22 маусым күні Омбы облысының губернаторы Виталий Хоценко да халық арасында жасанды сұраныс пен алыпсатарлықтың алдын алу мақсатында бензин сатуға шектеу енгізілгенін хабарлады. Жаңа тәртіп бойынша жүргізушілер бір ретте 40 литр бензин немесе 80 литр дизель ғана сатып ала алады.
Иркутск облысының басшысы Игорь Кобзевтің айтуынша, кейбір жанармай құю бекеттері бензин сатуды шектесе, енді бірқатары қызмет көрсетуді мүлде тоқтатқан. Оның сөзінше, қалыптасқан жағдайға байланысты жергілікті билік «қолмен басқару» режимінде жұмыс істеуге мәжбүр болып отыр.
Сонымен қатар Саратов облысында 23–30 маусым аралығында бір көлікке 30 литрден артық бензин сатуға тыйым салынды. Осындай шектеулер Амур, Тамбов, Липецк, Тула, Тверь және Владимир облыстарында да енгізілгені хабарлануда.
The Bell басылымының мәліметінше, маусым айының ортасына қарай Ресейдің кемінде 53 өңірінде жанармаймен байланысты мәселелер байқалған. Уақытша шектеулер тек Ресей аумағында ғана емес, Мәскеу аннексиялаған Украина аумақтарында да қолданылып жатыр.
Мамандардың пікірінше, жағдайдың нашарлауына Украина дрондарының Ресейдің мұнай инфрақұрылымына жасаған соққылары себеп болған. Reuters агенттігінің дерегіне сәйкес, мамыр айында Ресейдің мұнай өндіру көлемі соңғы бір жылдағы ең төменгі деңгейге түскен. Мамырдың соңына қарай елдің орталық бөлігіндегі ірі мұнай өңдеу кәсіпорындарының көпшілігі өндірісті қысқартуға немесе уақытша тоқтатуға мәжбүр болған.
Сарапшылардың айтуынша, егер шабуылдар жалғасып, мұнай өңдеу қуаттары толық қалпына келтірілмесе, Ресейдің тағы да көптеген өңірлерінде жанармай сатуға қосымша шектеулер енгізілуі мүмкін.