Live

Ресейде «Дождь» телеарнасының негізін қалаушы Наталья Синдееваға қарсы қылмыстық іс қозғалды

Ресейде «Дождь» телеарнасы директорлар кеңесінің төрағасы Наталья Синдеева мен телеарнаның бас директоры Марк Тенге қатысты қылмыстық іс қозғалды.

Фото: Imago/M. Müller

 Бұл туралы ресейлік БАҚ, соның ішінде ТАСС агенттігі құқық қорғау органдарына сілтеме жасап хабарлады.

Іс «қалаусыз ұйымның» қызметін ұйымдастыру бабы бойынша қозғалған. Ресейде «Дождь» телеарнасының жұмысына негіз болып отыр деп көрсетілген Нидерландта тіркелген TVR Studios B.V. компаниясы «қалаусыз ұйым» деп танылған.

Телеарна қазір шетелден хабар таратады. Іс бойынша күдікке ілінген Наталья Синдеева мен Марк Тен де Ресейден тыс жерде тұрады.

Наталья Синдеева – «Дождь» телеарнасының негізін қалаушы және бұрынғы бас директоры. 2024 жылы ол бас директор қызметін бұған дейін Sports.ru жобасын басқарған Марк Тенге тапсырды. Синдееваның өзі директорлар кеңесінің төрағасы болып, телеарнаның негізгі акционері мәртебесін сақтап қалды.

Ол қылмыстық іс қозғалғаны туралы ақпаратқа әзірге пікір білдірген жоқ.

Бұған дейін Ресейде осыған ұқсас іс бойынша «Медуза» басылымының шығарушысы Галина Тимченко сотталған. 2025 жылғы желтоқсанда сот оны «қалаусыз ұйымның» қызметін басқарды деген айыппен сырттай бес жылға бас бостандығынан айырды. Іс қозғауға оның бірнеше сұхбаты мен «Медуза» оқырмандарына жасаған үндеуі негіз болған.

Сондай-ақ Ресейде «Дождь» телеарнасының бірқатар журналисіне сырттай үкім шығарылған.

Телеарнаның бас редакторы Тихон Дзядко Ресей армиясы туралы «жалған ақпарат» таратты және «шетел агенттері» туралы заңды бұзды деген айыппен сырттай сегіз жылға сотталды.

Оның жұбайы әрі «Дождь» жүргізушісі Екатерина Котрикадзеге де әскери «фейктер» және «шетел агенті» міндеттерін орындамау туралы іс бойынша сырттай сегіз жыл түрме жазасы тағайындалды.

«Дождь» журналисі Валерия Кичигина әскери «фейктер» туралы іс бойынша сырттай 10 жылға, ал телеарна жүргізушісі Валерия Ратникова 7,5 жылға бас бостандығынан айырылған.

Сайт Әкімшілігі