Ресейдегі кеніште Қазақстан азаматы қаза тапты
Бурятия Республикасындағы «Ирокинда» кенішінде қар көшкіні кезінде қаза тапқандардың арасында Қазақстан азаматы бар болып шықты.
Қазақстан Сыртқы істер министрлігінің хабарлауынша, 28 сәуірде Ресей Федерациясының құзырлы органдарынан 1990 жылы туған ҚР азаматы А. Тицкийдің қаза тапқаны туралы ресми ақпарат түскен.
Қайғылы оқиға Бурятияның Муя ауданында, Ирокинда елді мекенінен 13 шақырым жерде болған.
Мәліметтерге қарағанда, оқиға кезінде технологиялық жолды тазалау жұмыстарына тоғыз жұмысшы қатысқан. Үш адам өз бетінше шығып үлгерген, ал қалған алты адам қар астында қалып қойған.
Көшкіннен кейін оқиға орнында іздестіру-құтқару жұмыстары жүргізілді. 29 сәуірге қараған түні Төтенше жағдайлар министрлігінің аймақтық басқармасы құтқарушылардың қаза тапқан алты адамның да денесін тапқанын хабарлады.
Қазақстан СІМ-і оқиғаның мән-жайын анықтау үшін ҚР Елшілігі Ресейдің құзырлы органдарымен тікелей байланыста екенін атап өтті.
«Мәселе министрліктің бақылауында», - деп хабарлады ведомство.
Ресейде бұл қайғылы оқиға бойынша абайсызда екі немесе одан да көп адамның өліміне әкеп соққан құрылыс және өзге де жұмыстарды жүргізу кезіндегі қауіпсіздік ережелерін бұзу бабы бойынша қылмыстық іс қозғалды. Қазіргі уақытта оқиғаның мән-жайы анықталып жатыр.