Ресейдегі құрылыс алаңында болған өрттен Қазақстан азаматы қаза тапты
Ресейдің Омбы қаласында құрылыс алаңында болған алапат өрттен зардап шеккен екінші жұмысшы көз жұмды.
Қаза тапқан азамат Қазақстан азаматы болған. Бұл туралы ТАСС жедел қызметтерге сілтеме жасап хабарлады.
Өрт 15 тамыз күні таңертең Крупская көшесі мен Архитекторлар бульварының қиылысындағы құрылыс алаңында болған. Алдымен салынып жатқан ғимараттың бірінші қабаты өртеніп, кейін жалын жоғары қабаттарға тараған.
Оқиға салдарынан барлығы 11 адам зардап шекті. Олардың үшеуі медициналық көмек көрсетілгеннен кейін үйлеріне жіберілген. Ауруханаға жеткізілген жұмысшылардың бірі 16 тамызда көз жұмды.
Кейін екінші жұмысшының да қайтыс болғаны белгілі болды. Ол – Қазақстан азаматы. Марқұмның денесінің 70 пайызын күйік шалған.
Өртке байланысты еңбек қауіпсіздігі талаптарын бұзу фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалды.
Қаза тапқан Қазақстан азаматының аты-жөні мен жасы әзірге жарияланған жоқ.