Live

Ресейден депортацияланған екі адам Қазақстан шекарасын заңсыз кесіп өтпек болғаны үшін сотталды

Ресейден депортацияланған екі шетел азаматы Қазақстанның мемлекеттік шекарасын заңсыз кесіп өтпек болғаны үшін сотталды.

Фото: ашық дереккөз

Успен аудандық сотының мәліметінше, сот үкімімен шетел азаматтары Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 24-бабы 3-бөлігі (қылмысқа дайындалу және қылмысқа оқталу) және 392-бабы 1-1-бөлігі 1-тармағы (мемлекеттік шекараны қасақана заңсыз кесіп өту) бойынша кінәлі деп танылды. Оларға 7 ай мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалып, Қазақстан Республикасынан 5 жыл мерзімге шығарылсын деген шешім қабылданды.

Іс материалдарына сәйкес, 2025 жылғы 27 желтоқсанда Армения және Тәжікстан азаматтары Успен ауданына қарасты Галицкое ауылы маңында шекараны өткізу пунктінен тыс жерде қасақана заңсыз кесіп өтпек болған.

Айыпталушылар кінәларын толық мойындаған. Олардың айтуынша, бұған дейін Ресей Федерациясынан депортацияланған, алайда отбасылары сол елде қалып қойғандықтан, қайта қосылу мақсатында шекараны заңсыз кесіп өтпек болған.

Сот үкімі заңды күшіне енді.

Сайт Әкімшілігі
Тегтер: шекара